
Тегеран АҚШ президенті Дональд Трамптың қоқан-лоқысына жауап берді. Иран ислам революциясы сақшыларының корпусы Ақ үй ультиматумына қарамастан, күресті жалғастыра беруді көздеп отыр.
Трамп Ақ үйде өткізген брифингінде Иранды бір түнде жойып жібере алатынын мәлімдеген. Құрама Штаттар Тегераннан келісімге отырып, маңызды мұнай жолы – Ормұз бұғазын ашуды талап етіп отыр. Ультиматум мерзімі бүгін, 7 сәуірде аяқталады.
Алайда Иран билігі оған көне қоймайтындай сыңай танытты. Сақшылар корпусы орталық штабының баспасөз хатшысы Ибраһим Зүлфакаридің мәлімдеуінше, «адасқан» АҚШ президентінің «негізсіз қоқан-лоқысы» Иран күресін тоқтата алмайды.
«Егер азаматтық емес нысандарға шабуыл тағы қайталанса, біздің қарымта шабуылымыз одан әлдеқайда батыл әрі кең аймаққа жайылады», – деп ескертті корпус өкілі. Оның айтқандарын CNN телеарнасы таратты.
Бұл уақытта Иранның Аустриядағы елшілігі Трампты «үңгір адамы» деп атады.
«Оны тыңдап отырып көзіңізді жұмсаңыз, тері жамылған, тоқпақ ұстаған тас ғасырының үңгір адамын елестетуге болады», – деп жазды елшілік X әлеуметтік желісіне.
АҚШ президенті Иранның электр станциялары мен басқа да маңызды инфрақұрылымдарына соққы жасауы мүмкін екенін наурыздың аяғында ескертіп, Тегеранға 7 сәуірге дейін мұрсат берген. Ультиматум мерзімі сәрсенбі күні таңертең аяқталады. Жақында Трамп Иранды «тас ғасырына қайтаруға» уәде берген.