
2026 жылғы 7 сәуірден бастап Қазақстан Ұлттық Банкі «Спорт» сериясы аясында FIFA World Cup 2026 турниріне арналған коллекциялық монеталарды айналысқа шығарады.
Монеталардың сатылымға нақты қашан түсетіні туралы ақпарат Ұлттық банктің ресми сайтында қосымша жарияланады.
Халықаралық жоба
Аталған коллекциялық монеталарды әзірлеу барысында немістің MDM Münzhandelsgesellschaft mbH & Co. KG Deutsche Münze (MDM) нумизматикалық компаниясы серіктес болды. Бұл компанияда 2026 жылғы әлем чемпионатына арналған монеталарды шығаруға FIFA тарапынан берілген ресми лицензия бар.
Айта кетейік, бұл – футбол тарихындағы 23-ші әлем чемпионаты. Турнир алғаш рет бірден үш елде АҚШ, Канада және Мексика аумағында өтеді. Сонымен қатар, қатысушы құрамалар саны 48-ге дейін көбейді.
Монетаның сипаттамасы
Монетаның реверсінде финалдық ойындарды қабылдайтын үш елдің тулары бейнеленген. Ортасында жер шарының континенттері мен «FIFA WORLD CUP 26» жазуы орналасқан. Төменгі бөлігінде әлем кубогының бейнесі көрініс тапқан. Сондай-ақ композицияның екі жағында футболшылар мен футбол добы бейнеленген.
Коллекциялық монета 925 сынамалы күмістен жасалып, түрлі түсті баспа технологиясымен безендірілген және алтын жалатылған. Негізгі техникалық сипаттамалары:
- массасы – 20 грамм
- диаметрі – 37 мм
- сапасы – proof
- номиналы – 1000 теңге
- жалпы таралымы – 2000 дана
1500 данасы Қазақстанның ішкі нарығына, ал 500 данасы шетелдік нарыққа (MDM компаниясы арқылы) шығарылады.
Заңды төлем құралы
Монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған. Олар Қазақстан аумағында белгіленген құны бойынша барлық төлем түрлеріне қабылданады, сондай-ақ банктерде есепке алынып, айырбастауға және аударуға жарамды.
Монеталардың сатылымға нақты қашан түсетіні туралы ақпарат Ұлттық банктің ресми сайтында қосымша жарияланады. Бұған дейін, Ұлттық банк 2022 жылы Қатардағы өткен әлем чемпионатына да арнап монеталар шығарған. Ол кезде бағасы 22 мың теңгеге бағаланған еді.
Еске сала кетейік, Lego Әлем чемпионатына арнап конструктор шығарып, жарнамада төрт бірдей футбол жұлдызын түсірген еді.