Артемида II: Адамзат Айдың арғы бетінен Жердің батқанын көрді

Жарияланды 8 Сәуір 2026 13:42

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Жер және Ай
Жердің бату сәтін Артемида II миссиясы 2026 жылғы 6 сәуірде кешке «Орион» ғарыш кемесінен түсірді / фото: NASA

Адамзаттың Жерден ең алшақ қашықтыққа ұшуы, Айдың арғы бетін адам баласының алғаш рет өз көзімен тамашалауы Артемида II миссиясы арқасында жүзеге асты. NASA «Орион» ғарыш кемесінен түсірілген ғажап суреттерді жариялады.

Миссия құрамындағы төрт ғарышкер «Орион» терезесінен Жердің батуын тамашалады. Біз мекендейтін ғаламшардың қараңғы беті түнді өткеріп жатса, жарық жағынан Австралия және Океания аспанындағы бұлтты көруге болады. Сурет ғарыш кемесінен емес, Ай бетінен түсірілгендей әсер қалдырады.

Жер мен Ай
Жердің батуы / фото: NASA

Тағы бір баға жетпес суретте Ай беті анық көрінеді. Арғы жағында Жер батып бара жатыр. Бұл сурет те «Орион» ғарыш кемесінен түсірілген. Үш минуттан соң кеме Айдың арғы бетіне өтіп, Жермен байланыс 40 минутқа үзілді. Мұнда Жердің табиғи серігіндегі Ом кратерін тамашалауға болады.

Артемида II миссиясы түсірген сурет
Ай күні мен түні арасындағы терминатор сызығы / фото: NASA

Жердің табиғи серігіндегі күн мен түн түйіскен сызыққа қарап-ақ Ай бетінің кедір-бұдырын, рельефтерінің біркелкі еместігін байқауға болады. Күн сәулесі кратерлердің қаншалықты терең екендігін көрсетіп тұрғандай.

Күннің тұтылуы
Күннің тұтылуы / фото: NASA

Күннің тұтылуын «Орион» ғарыш кемесінің күн батареясымен істейтін бір камерасы түсіріп алды. Бергі жағында ғарыш кемесінің бір шеті көрініп тұр. Айдың төменгі жағындағы жарық – Сатурн, ал оң жағындағысы – Марс.

Жер мен Ай
Жердің шығуы / фото: NASA

Жердің шығуын немесе атуын «Орион» ғарыш кемесіндегілер Айдың арғы бетінен түсіріп алды. Мұнда Жер жұқа ораққа ұқсайды.

Ғарышта түсірілген басқа да ондаған ғажап суретті NASA сайтынан тамашалай аласыз.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 2 сәуірге қараған күні Артемида II миссиясының төрт ғарышкері Айға аттанды. Олар Жердің табиғи серігіне қонбай, бір айналып қайта оралады. Сапар он күнге созылады.

Сондай-ақ оқыңыз