
Алматы полициясы ойын-сауық мекемелеріне бақылауды күшейтті. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов жұртшылыққа есеп беру кезінде мәлімдеді.
Оның айтуынша, әрбір мекеме қатаң түрде заң аясында жұмыс істеуге міндетті. Ал талапты сақтамағандарға қатысты қатаң шаралар қолданылады – тіпті қызметі толық тоқтатылуы мүмкін.
2026 жылдың басынан бері полицияның бастамасымен бұрын құқық бұзушылықтар мен қылмыстар тіркелген 10 нысанның қызметі тоқтатылды. Бұл шаралар заңсыз әрекеттердің жолын кесуге ғана емес, сонымен қатар ондаған ықтимал оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік берді.
Бұдан бөлек, тиісті шаралар қабылдау үшін уәкілетті органдарға 845 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты ұсынымдар жолданды.
Бұған дейін Медеу ауданында бір мекенжайда және көршілес орналасқан екі ойын-сауық мекемесінің жұмысы тоқтатылған болатын. Полицияның мәліметінше, бұл нысандарда түнде шу шығару мен бұзақылықтан бастап, өзге де заңсыз әрекеттерге дейінгі түрлі құқық бұзушылықтар жүйелі түрде тіркеліп келген.