
Мәжілісте «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Депутат Айна Мысырәлімованың айтуынша, психологиялық қызметті тек арнайы білімі барлар ғана емес, кәсіби қайта даярлаудан өткендер де жүзеге асыра алады.
«Бұл барлық адамға автоматты түрде рұқсат беріледі дегенді білдірмейді. Психологиялық қызмет көрсетуге жіберу үшін заң жобасында кешенді талаптар жүйесі енгізіледі. Ең алдымен базалық жоғары білімі болуы керек. Сондай-ақ аккредиттелген қайта даярлау бағдарламасынан өтеді», – дейді Мысырәлімова.
Заң жобасына сәйкес, бірыңғай мемлекеттік психологиялық қызметкерлер реестрі енгізіледі. Оған барлық психолог міндетті түрде тіркелуі керек болады. Мысырәлімованың сөзінше, маман осы мемлекеттік реестрге де енуі қажет.
«Осылайша, арнайы білімі жоқ адам психолог ретінде тек барлық белгіленген талапты сақтаған жағдайда ғана жұмыс істей алады», – дейді депутат.
Айта кетейік, заң жобасында азаматтарға көрсетілетін қызмет қауіпсіз болуы үшін психологтар тарапынан дәрімен емдеуге жол бермеу де қарастырылған.