Жаңалықтар

Азаматтарға жалған SMS таратып, банктегі қаражатын жымқырған топ ұсталды

фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстанда азаматтарға жалған хабарлама таратып, құпия дерегін, банк есепшотындағы қаржысын ұрлаған қылмыстық топ қызметі тоқтады. Оның жолын кесуге Бас прокуратура мен «ТЕЛЕ2» операторының киберқауіпсіздік мамандары қатысқан.

Қаржы мониторлық агенттігінің дерегінше, ТМД аумағында алғаш рет осындай схеманың жолы кесілді.

Күдіктілер ұялы байланыс операторлары базалық станцияларының жұмысын имитациялайтын арнайы құрылғыны пайдаланған. Ол құрылғы 300 метр радиуста күшті сигнал таратып, сол маңайдағы телефондарға автоматты түрде қосылады. Абоненттерге бірден жалған SMS-хабарламалар жібереді.

Ол хабарлама «Beeline» және «Halyk Bank» компаниялары атынан жіберілгендей көрініп, бонустарды айырбастауды ұсынады. Пайдаланушы бонус алу үшін сілтемеге өткен жағдайда телефон нөмірін, аты-жөнін, банк картасының деректемелерін, CVV-кодын, сондай-ақ SMS арқылы келген растау кодын енгізуге мәжбүр болған. Ол деректердің барлығын қаскөйлер пайдаланып, банктегі қаражатын жымқырып үлгереді.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қылмыстық топ ұсталды. Қазір төрт күдікті қамауда, тергеу жүріп жатыр.

Айта кетейік, алаяқтар тек жеке компаниялардың ғана емес мемлекеттік ұйымдар атынан да хабарлама жібереді. Прокуратура, салық комитеті немесе банк қызметкері ретінде қоңырау шалып, 1414-тен келген кодты айтуын сұрауы мүмкін. Егер байқамай айтып қойсаңыз, ары қарай не істеу керегін мына жерден оқи аласыз.