Жаңалықтар

Миллиардер Байсейітовке тиесілі банк топ-менеджерлеріне 1 млрд теңге сыйақы төлеген

БЦК топ-менеджерлеріне 1 млрд теңгеге жуық ақша төледі /фото: kursiv.media

«Банк ЦентрКредиттің» топ-менеджерлері 2025 жылы 972,3 млн теңге сыйақы алған. Бұл жөнінде қаржы ұйымы Қазақстан қор биржасына жолдаған хабарламасында мәлімдеді.

Жалпы сомаға жалақы мен ақшалай нысандағы барлық үстемақы кірді.

Қазақстан қор биржасының деректеріне сәйкес, 2025 жылы банк басқармасының құрамы өзгермей, төрт адамнан тұрған. Олар: Руслан Владимиров, Нұрлан Шегебаев, Анастасия Овсянникова және Рустам Теңізов. 2026 жылғы 18 наурызда Рустам Теңізов қызметінен босатылды.

Еске сала кетейік, 2025 жылы БЦК-ның таза пайдасы 240,2 млрд теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 23,5%-ға артқан. Банк актив көлемі бойынша Қазақстандағы 23 қаржы ұйымының ішінде 8,3 трлн теңге көрсеткішпен үшінші орында тұр.

2026 жылғы 1 қаңтардағы дерекке сәйкес, банктің жай акцияларының 51,76%-ы – Бақытбек Байсейітовке, ал 11,92%-ы Владислав Лиге тиесілі.

Байсейітов Қазақстандағы ең бай 75 бизнесменнің арасында 16-орында тұр. 2025 жылғы мәлімет бойынша оның байлығы 580 млн долларға жеткен.