
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, халық жазушысы және қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың денсаулығы сыр беріп, аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Бұл туралы «Мұхтар Шаханов» қорының төрағасы Нұржігіт Ысқақ мәлімдеді.
84 жасқа келген абыз ақынның қазіргі жағдайы көпшілікті алаңдатып отыр. Нұржігіт Ысқақ мәлімдемесінде ақын денсаулығының нашарлағанын растап, қазақ елін дұға етуге шақырды.
«Қазір көкеміз 84 жасқа келді. Бірақ, денсаулығы сыр беріп, жансақтау бөлімінде жатыр. Ендеше, құрметті халайық! Көкеміздің тез сауығып, ортамызға оралуы үшін дұға жасап қояйық!», – деп жазды қор төрағасы.
Мұхтар Шаханов бүкіл түркі әлемі үшін орны бөлек тұлға. Оның есімі ел жадында көптеген ерліктерімен қалды:
Желтоқсан оқиғасы. Кеңестік жүйенің қаһарынан қорықпай, Кремль төрінде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің шындығын әлемге паш етті. Қазақ тілінің мәртебесі мен ұлттық құндылықтарды қорғау жолында аянбай еңбек етті.
Шығармалары көптеген тілдерге аударылып, адамзаттық құндылықтарды жырлаған ақын ретінде халықаралық деңгейде танылды.