Жаңалықтар

Енді елдегі ит-мысықтарды міндетті түрде чиптеу керек болады

бұралқы ит-мысық
фото: ашық дереккөзден

Енді елде асырауға, ұстауға тыйым салынған жануарлар тізбесі жасалады. Ал ит-мысық асырайтын азаматтар жануарларын чиптеуге міндетті болады. Бүгін мәжілісте депутат Еділ Жаңбыршин осындай өзгерістерді таныстырды.

Оның түсіндіруінше, жануарларды чиптеу иесін анықтайтын, жауапкершілікті бекітетін, қоғам алдындағы міндетті нақтылайтын құқықтық құрал. Сол арқылы жануарын көшеге тастап кеткен азаматтарды жауапқа тартып, ашық есеп жүргізеді. Жануарларды да бақылауға алады.

Иті өзгені талап, денсаулығына зиян келтірсе, иесі эвтаназия жүргізуі керек

Депутаттар ұсынып отырған маңызды өзгерістің бірі – жауапкершілікті күшейту.

«Үй жануарларын серуендету талаптарын бұзуға жол берген иесі немесе жауапты тұлға, соның салдарынан: адамның өмірі мен денсаулығына, басқа жануарларға, не өзге тұлғалардың мүлкіне зиян келсе, келтірілген залалды өтеуге міндетті болады», – дейді Еділ Жаңбыршин.

Ал үй жануары шабуылдап, өзге адамның денсаулығына ауыр немесе орташа зиян келсе, онда мұндай жануардың иесі белгіленген тәртіппен эвтаназия жүргізуге міндетті болады.

Арнайы тізім бекітіледі

Заң жобасы аясында, уәкілетті органға ұстауға, өсіруге және айналымына тыйым салынған немесе шектеу қойылған жануарлардың тізбесін бекіту құзыреті беріледі. Яғни алдын-ала қауіпті дейтін жануарлар тізімі бекітіледі.

«Мемлекет қайғылы жағдай болғаннан кейін ғана әрекет етпеуі тиіс. Мемлекет алдын ала қандай жануар түрлері жоғары қауіп төндіретінін, қайсысы ерекше құқықтық режимді қажет ететінін анықтауы тиіс», – дейді депутат.

Еділ Жаңбыршин сөзінше, соңғы төрт жылда бұралқы иттер саны 13%-ға, ал адамға шабуыл 28%-ға өскен. Осыған байланысты үкімет заңға жаңа нормалар енгізуді көздеп отыр.