Енді коучтар психологиялық көмек көрсете алмайды – депутат

Бүгін Мәжілісте «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы талқыланды. Осыған байланысты депутат Асхат Аймағамбетов құжаттың негізгі нормаларына түсініктеме берді.
Оның айтуынша, жаңа заң аясында коучтарға психологиялық көмек көрсетуге тыйым салынады. Егер мұндай қызмет көрсетілсе, олар тиісті жауапкершілікке тартылады.
«Бұл заңның басты мақсаты – күйзеліс жағдайындағы, қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан адамдармен жұмыс істейтін мамандарға нақты талаптар белгілеу. Мәселен, қарапайым қызметтің өзіне талап қойылады: тамақ сататын орындарда да, шаштараздарда да белгілі бір ережелер бар. Ал адамның психологиялық жағдайымен жұмыс істейтіндерге бүгінге дейін нақты талап болған жоқ», – дейді депутат.
Сөзінше, қазір әлеуметтік желілерде өзін психолог ретінде таныстыратындар көбейген.
«Кез келген адам өзін психолог деп жариялап жүр. Тіпті ажырасу секілді мәселелерге байланысты түрлі шағымдар да түсіп жатыр», – дейді ол.
Психологтарға қойылатын талап нақтыланады
Депутаттың пікірінше, заң жобасы ең алдымен «Психолог деген кім? Оған қойылатын талап қандай? Қандай жауапкершілік бар?» деген мәселелерге нақты жауап беруге бағытталған. Сонымен қатар мамандардың жауапкершілігі мен құзыреті айқындалып, психолог пен психиатр ұғымдарының ара-жігі ажыратылады.
«Психиатр – бұл клиникалық жағдайларда дәрі-дәрмек арқылы ем жүргізетін маман. Ал психолог – адамның эмоциялық, психологиялық жағдайымен жұмыс істейді. Осы айырмашылықты нақтылау өте маңызды», – дейді Асхат Аймағамбетов.
Кәсіби құпия туралы норма жоқ
Заң жобасында кәсіби құпия мәселесіне де ерекше мән берілген. Депутаттың айтуынша, елімізде кәсіби құпия туралы ешқандай норма жоқ.
«Адамдар психологқа жеке, сезімтал ақпараттарын сеніп айтады. Бірақ бүгінге дейін олардың жария болып кету қаупі бар еді. Сондықтан заң аясында кәсіби құпия нормасы енгізіледі. Егер бұл талап бұзылса, қатаң жауапкершілік қарастырылады», – дейді ол.
Заң қабылданғаннан кейін тиісті білімі жоқ, арнайы тіркеуден өтпеген адамдар өзін «психологпын» деп таныстыра алмайды. Егер ондай жағдай болса, заң алдында жауап беруге тиіс болады.
«Коуч психологтың жұмысын атқара алмайды. Бұл заңда нақты көрсетіледі. Коучтарға арналған кәсіби стандарт әзірленген, бірақ олардың қызметі психологиялық көмек көрсетуге жатпайды», – деп түйіндеді Аймағамбетов.
Бұған дейін «Коучинг қызметі» атты кәсіби стандарт бекітілетіні хабарланған. Соған сәйкес коучинг психотерапиядан, психологиялық кеңес беруден және тәлімгерліктен ресми түрде ажыратылған.