Енді медициналық тексеруден өтетін уақыт үшін қызметкерге ақы төленеді

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
медициналық тексеру
фото: shutterstock

Енді жұмыс беруші қызметкердің медициналық тексеруден өткен уақыты үшін де ақы төлеуі керек. Бүгін мәжіліс депутаттары еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелеріне қатысты заңды екінші оқылымда қабылдады.

Құжатта көрсетілгендей, енді қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуге жұмсаған уақыты үшін ақы төленеді. Яғни бұл процесс жұмыс уақыты ретінде есептеледі. Ал медициналық ұйымдар жұмыс берушіге де, қызметкерге де тіркелген жері бойынша скринингтік зерттеулерден өту туралы хабарлама жіберуге міндетті.

Жұмыс берушілер үшін тағы бір маңызды міндет жүктелді: егер еңбек жағдайлары өзгерсе (жалақы, кесте немесе міндеттер), бұл туралы қызметкерге міндетті түрде жазбаша хабарлау қажет.

Заңда жұмыстан шығу тәртібі де нақтыланды. Әсіресе, материалдық жауапкершілігі бар қызметкерлердің мүлік пен құжаттарды өткізу мерзімі мен жұмыстан босатылатын күні нақты белгіленді. Бұл еңбек шартын бұзу кезіндегі түсініспеушіліктерді болдырмауға көмектеседі деп түсіндіреді депутаттар.

Сонымен қатар, еңбек инспекторларының біліктілігіне қойылатын талаптар күшейіп, олардың жұмыс орнындағы қауіпсіздікті қадағалау құқықтары кеңейтілді.

Бұған дейін мәжіліс депутаты Қарақат Әбден кішкентай балалары бар ата-аналардың жұмыс жағдайы мәселесін көтерген. Ол кішкентай баласы бар ата-аналарды қысқартылған жұмыс уақытына көшіру туралы мәселе көтерген.

Сондай-ақ оқыңыз