
8 сәуірде АҚШ пен Иран атысты доғаруға келісіп, мұнай арзандаған күні, Қазақстанда доллар бағасы күрт көтерілді. Қазақстан қор биржасында (KASE) сағат 15:30-да 1 доллар 475,31 теңге болды. Ақша айырбастау мекемелері оны 482 теңгеден сатып жатыр.
Теңге құнын жоғалтты
Ұлттық валюта бір тәуліктің ішінде ғана 12 теңгеге құнсызданды. Доллардың нығаюы әлі де тоқтаған жоқ. АҚШ валютасы биржадағы сауда барысында 480 теңгеге қарай өрлеп келеді.
Айта кетейік, күні кеше ғана KASE-дегі валюта саудасы барысында 1 доллар 459 теңгеге дейін арзандаған еді. Алайда түстен кейін қайта көтеріліп, қордағы сауда 468,21 теңгемен жабылған.
Елдегі валюта айырбастау мекемелерінде доллар 482 теңгеден сатылып жатыр. Kurs.kz мәліметінше, қазір Алматы қаласында 1 доллар 478,5 теңгеден қабылданып, 480 теңгеден сатылады. Астанада, әдеттегідей, бағам сәл жоғары – 475 және 482 теңге.
Доллар неге нығайды
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов наурыз айында доллардың айтарлықтай күшеюін әлем нарығында мұнай бағасының көтерілуімен түсіндірген. Сол кезде Brent маркалы шикізаттың бір баррелі 120 долларға дейін көтерілген. Қазақстан экономикасы мұнай экспортына айтарлықтай тәуелді болғандықтан, теңге де сонымен бірге күшейген.
Енді теңгенің раллиі аяқталып, кері үдеріс жүріп жатыр. Өйткені 8 сәуірге қараған түні АҚШ пен Иран атысты уақытша доғаруға келісті. Тегеран мұнайдың маңызды жолы – Ормұз бұғазын ашты. Геосаси өзгеріс әлемдегі энергетика нарығына әсер етті. Brent маркалы мұнай бірден шамамен 16 долларға арзандады. Қазір оның баррелі шамамен 94 доллардан саудаланып жатыр.
Мұндай өзгерістер теңге бағамына да әсер етті: доллар нығайып, ұлттық валюта құнын жоғалта бастады. Қаржыгерлер доллар бағамы жуық арады 490 теңге шамасында тұрақтайды деп болжайды.