
Таразда мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот жеке кәсіпкердің «Таразтрансэнерго» мекемесіне материалдық шығынды өтеу туралы талап арызын қарады.
Оқиға 2025 жылдың шілдесінде болған. Талап қоюшының көлігі жер асты жылу құдығының ашық люгіне түсіп кетіп, қатты зақымданған.
«Істі қарау барысында жолдың бұл учаскесі мен жылу құдығы жауапкердің қарауында екені анықталды. Сондай-ақ, бұған дейін кәсіпорынның лауазымды тұлғасы қарау құдығын тиісті деңгейде күтіп ұстамағаны және қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот апат нысанды күтіп ұстау және жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамау салдарынан болды деген қорытындыға келді. Маманның қорытындысына сәйкес, шығын көлемі 1 млн теңгеден асқан.
Нәтижесінде талап арыз толық қанағаттандырылды. «Таразтрансэнергодан» 1,1 млн теңге материалдық шығын, сондай-ақ өкілдік қызмет, бағалау және мемлекеттік баж шығындары – жалпы сомасы 171 мың теңге өндірілді.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.