
Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея Республикасы президентінің арнаулы өкілі – Кан Хун Шикті қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Президент Корея Республикасы Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі екеніне назар аударып, екіжақты ықпалдастық қарқынына жоғары баға берген. Ресми Астана екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.
«Сіздің сапарыңыз қазақ-корей ықпалдастығын одан әрі нығайту тұрғысынан өте маңызды. Бірлескен күш-жігердің арқасында елдеріміздің ынтымақтастығы арта түсетініне сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы.

Арнаулы өкіл Корея Республикасының сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды күшейту, сондай-ақ түрлі салада бірлескен жобаларды іске асыру арқылы өзара қарым-қатынасты мүлдем жаңа деңгейге шығаруға айрықша маңыз артатынын мәлімдеді.
Әңгімелесу барысында екіжақты күн тәртібіндегі көптеген мәселе, соның ішінде жаһандық нарықтағы қазіргі сын-қатерлерге байланысты энергетика, көлік-логистика салаларында ықпалдастық аясын кеңейту перспективасы талқыланды.
Кездесу соңында Кан Хун Шик Корея президенті Ли Чжэ Мёңнің Тоқаевты ресми сапармен шақырып жатқанын айтып өтті.
Бұған дейін Reuters басылымы арнаулы өкіл мұнай тапшылығына байланысты Қазақстаннан көмек сұрауға келе жатқанын хабарлаған. Сеул билігі балама мұнай жеткізу жолдарын қарастырып жатыр.