Жаңалықтар

«Кенжехан» базары басшысының үйінен жарты млрд теңгенің әшекейін ұрлағандар сотталды

Сергей Кимнің үйінен қымбат сағат пен бриллианттарды ұрлағандар сотталды / Коллаж: kursiv.media (Фото: Казинформ), бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Қарақшылар Алматыдағы «Кенжехан» базарының басшысы Сергей Кимнің үйін тонап, құны жарты млрд теңгеден асатын люкс сағаттар мен қымбат әшекейлерді қолды қылған.

Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз хатшысы Дархан Мырзаханның айтуынша, ірі көлемдегі қарақшылық фактісі бойынша үш ер адамға қатысты сот шешімі шыққан.

Тергеу мәліметіне сәйкес, қылмыстық топ 2023 жылдың маусым айында кәсіпкердің үйіне қарулы шабуыл жасап, үй иелерін байлап тастаған.

Олар базар басшысының көпжылдық коллекциясын, атап айтқанда Rolex, Vacheron Constantin сынды қымбат сағаттар мен бриллиант бұйымдарын үптеп кеткен. Келтірілген шығын көлемі 537 млн теңгені құрады.

Полиция қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстарының арқасында күдіктілерді көп ұзамай қолға түсіріп, ұрланған бағалы заттардың бір бөлігін тәркіледі.

Сот барысында айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденіп, олардың әрқайсысы жасаған қылмысының ауырлығына қарай 11 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Сергей Кимнің өзінің де басы дауға қалған. Қаржы мониторингі агенттігі былтыр «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мүлкін жымқыру фактісі бойынша «АлбаСтройДор» ЖШС-ның директоры Сергей Кимге қатысты тергеу басталғанын хабарлаған. Ол 1,8 млрд теңгенің жымқырды деген күдікке ілінген.