Жаңалықтар

Қаржы нарығын реттеуші ADCB ислам банкіне ескерту жасады

Реттеуші ислам банкіне ескерту жасады /коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Милош Муратовский

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «ADCB Ислам Банкі» қызметіндегі олқылықтарды анықтап, оларды жою туралы нұсқама берді. Бұл шара банктің ішкі процестерін заңнамалық талаптарға сәйкестендіруді көздейді.

Ресми мәліметке сәйкес, қаржы мекемесі «Банктер және банк қызметі туралы» Заңның 78 және 80-баптарының талабын бұзған.

Агенттік банкке олқылықты 2026 жылғы 30 маусымға дейін толықтай жоюды міндеттеді. Айта кететін жайт, жазбаша нұсқама – айыппұл немесе лицензиядан айыру емес, банктің ішкі жүйесін ретке келтіруге бағытталған түзету шарасы.

«ADCB Ислам Банкі» АҚ (бұрынғы Al Hilal Ислам Банкі) – Қазақстандағы және ТМД елдеріндегі алғашқы ислам банкі. Оның жалғыз акционері және негізгі иесі – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ірі қаржы институттарының бірі Abu Dhabi Commercial Bank (ADCB). БӘӘ үкіметіне тиесілі Mubadala Investment Company егеменді қоры соңғы бақылаушы тарап.

2026 жылдың наурыз айының соңында реттеуші ADCB-ге елімізде екінші еншілес банк ашуға рұқсат берді Жаңа құрылатын банк әмбебап лицензия алып, исламдық терезе (Islamic window) арқылы қызмет көрсетпек.