Жаңалықтар

Назарбаевтың туысы қайтарған «Байсат» базары төртінші рет сатылмай қалды

Рынок «Байсат»
Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі базар өтпей жатыр / yandex.kz, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Алматы қаласында орналасқан «Байсат» көтерме-бөлшек сауда орталығы осымен төртінші мәрте электронды аукционда өтпей қалды. «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» (KUVA) экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туысына тиесілі болған базарды 28,6 млрд теңгеге сата алмады.

Базарға қызығушылық жоқ

8 сәуірде «Байсат» базары осымен төртінші мәрте электронды Sauda порталындағы аукционға шығарылды. Қымбат активтің бастапқы бағасы 28,6 млрд теңге деп белгіленсе, саудаға қатысу үшін ғана 2,8 млрд теңге кепілдік жарна төлеу керек болды.

Алайда бұл жолы да қайтарылған активті сатып алатын адам табылмады – аукцион бірде-бір өтініш түспеуіне байланысты өтпей қалды. Осылайша, KUVA талпынысы төртінші мәрте сәтсіз аяқталды.

Байсат базары аукционда өтпей қалды
Sauda порталынан алынған скриншот

«Байсат» Алматы қаласының Солтүстік айналма көшесі бойындағы әмбебап базарда – «Адем» және «Ялян» сауда орталықтарының ортасында орналасқан.

Сәтсіз аукциондар

Базар осымен төртінші, ал биылдыққа екінші мәрте сатылмай қалғанына қарамастан, қайтарылған активтерді басқаратын компания осы жолы оның бағасын түсірмеді.

Естеріңізге сала кетейік, сауда орталығы 2026 жылғы 5 ақпанда аукционға шығарылған, алайда тендер екі ай бұрын да ешқандай өтініш түспеуіне байланысты өтпей қалған. Айта кетейік, сол кезде базар 24,77 млрд теңгеге, яғни бастапты құнынан шамамен 4 млрд теңгеге төмен бағамен ұсынылған.

«Байсат» 2025 жылғы қыркүйек пен желтоқсан айларында сатуға шығарылып, екі мәрте өтпей қалған.

Сатыбалды қайтарған базар

«Байсат» мемлекет меншігіне – KUVA иелігіне осыдан шамамен екі жыл бұрын өткен. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды оны 2024 жылғы қаңтарда қылмыстық тергеу барысында мемлекетке «ерікті түрде» қайтарған.

1,4 гектар жердегі үш нысаннан тұратын мүлікке Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтан иелік еткен.

Айта кетейік, бір күн бұрын «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» Сатыбалдыдан қайтарылған Kaisar Plaza сауда және кеңсе орталығын 61,5 млрд теңгеге өткізе алмады. Ғимарат Алматы қаласының орталық ауданында орналасқан.