Қоғам

Перизат Қайрат колонияда немен айналысып жүр

Перизат Қайрат жазасын колонияда өтеп жатыр/фото: Instagram/01pk

Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитеті 10 жылға сотталған Перизат Қайраттың колонияда немен айналысып жүргенін айтты.

«Сотталған сот шешіміне сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Ол мекемеде жұмысқа орналастырылған және қызметтік үй-жайларды тазалаумен айналысады», – деп хабарлады комитет.

Перизат Қайрат 10 жылға сотталды

Biz Birgemiz Kazakhstan 2030 қорының жетекшісі Перизат Қайрат 10 жылға сотталды.

Ол қайырымдылыққа жиналған 3,5 млрд теңгені иемденді деп айыпталды. Желіде бірнеше тұрғын үйі мен көліктері, түрлі бренд киімдері көрсетілген Перизат Қайраттың «тағдыры» небәрі 16 күн ішінде шешілді. Бастапқыда ашық өтеді делінген істе шектеу көп болды.

Перизат Қайрат су тасқынына жиналған қаражатты жымқырудан бөлек Палестинаға көмек ретінде жиналған қаражатты иемденіп алған.

Қылмыстық істе Перизат Қайратпен қатар оның анасы Ғайни Алашбаева бар. Анасы 7 жылға сотталды. Сондай-ақ істегі 50 жәбірленушіге екеуі 1 млрд 582 млн 649 мың теңге қайтаруға міндетті.