
Қазақстан бас прокуроры Берік Асылов пен Ресей бас прокуратурасының басшысы Александр Гуцан Астанада кездесіп, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды.
Құзырлы мекеме таратқан ресми мәліметке қарағанда, ресейлік прокурорлар делегациясы азаптаулардың алдын алу, заңсыз шығарылған активтерді қайтару, сонымен бірге инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыс туралы хабардар етілді.
«Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетуге, қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға және іздеуде жүрген адамдарды ұстап беруге байланысты халықаралық-құқықтық ынтымақтастық мәселелері қаралды», – деп таратты қазақ прокуратурасы.
Кездесу қорытындысы бойынша көрші елдердің прокуратуралары арасындағы ынтымақтастық туралы 2009 жылғы келісімге активтерді қайтару саласындағы өзара іс-қимылын күшейтуге бағытталған қосымша хаттамаларға қол қойылды.
Бұған қоса, тараптар қылмыспен күрес, өңір қауіпсіздігін қамтамасыз ету салаларында бірлескен қадамдарды келіскен.