Қостанайда млрд теңге жымқырған ұйымдасқан топқа үкім шықты

Қостанай қаласының №2 сотында Beef Export Group ет кәсіпорнының иесі Александр Пархоменко мен оның 29 сыбайласына қатысты үкім шықты.
Айыпталушылар қатарында ветеринарлар, шаруа қожалықтарының иелері, Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бұрынғы қызметкері және кәсіпорын жұмысшылары болған.
Сот оларды ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері деп таныды. Тергеу деректеріне сәйкес, олар ет комбинатын пайдаланып, жалған құжат жасап, алаяқтық жолмен мемлекеттен ет сатып алуға бөлінген субсидияларды жымқырған. Келтірілген шығын көлемі 1 млрд теңгеден асқан.
Сот процесі 1 жыл 10 айға созылған. Былтыр қазан айында мемлекеттік айыптаушы істі қараған судьяның бейтараптық танытпағанын дәлелдеп, оны істен шеттеткен. Жаңа судья тағайындалып, істі басынан қайта қарауға мәжбүр болды.
Пархоменко өз кінәсін мойындамай, тергеу нәтижелері қолдан жасалғанын алға тартты. Алайда бірқатар куәгерлер оған қарсы нақты айғақ берген.
Нәтижесінде басты айыпталушы 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейбір сотталушылар амнистияға немесе ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жазадан босатылды.
Қалғандары 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Мемлекетке келтірілген миллиардтаған шығын өндірілді.
Азаматтық талаптарды қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорын мүлкіне тыйым салынды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Мұның алдында Қостанай қаласының №2 соты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған компанияның негізін қалаушы әрі директорына қатысты үкім шығарған еді.