
Петропавл соты ресейлік әнші Акмальдың Қостанайда өтпей қалған концертіне билет алған адамдарға 5,3 млн теңгені қайтару туралы шешім шығарды. Бұл туралы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті хабарлады.
Оқиғаның мән-жайы
2025 жылдың қазан айында ресейлік әнші Акмаль (Акмаль Ходжаниязов) Петропавлдағы концертінде көк және сары түсті пакетті өртеп жіберуге кеңес берген. Ол бұл түстер өзіне ұнамайтынын айтқан. Айта кетейік, дәл осы түстер Қазақстан мен Украина туларында бар.
Осы мәлімдемеден кейін әлеуметтік желіде қызу талқылау туындап, қоғамда резонанс пайда болды. Нәтижесінде әншінің Қазақстан бойынша жоспарланған туры тоқтатылды. Петропавлдан кейін Қостанайда және өзге қалаларда өтуге тиіс концерттер де, билет толық сатылып қойғанына қарамастан, бірінен соң бірі кейінге шегеріліп, соңында мүлде өткізілмеді.
Сот шешімі
Істің қаралуына әншінің концертіне билет сатып алған азаматтардың шағымы себеп болған. Концерт өтпей қалғанымен, ұйымдастырушы тұтынушыларға ақшаны қайтармаған.
Азаматтар билетті eventticket.kz платформасы арқылы сатып алған, яғни бұл ақылы қызмет көрсету туралы келісім жасалғанын білдіреді. Бірақ белгіленген күні концерт өткізілмей, төленген қаражат көрермендерге қайтарылмаған.
Петропавл қаласының соты тұтынушылардың пайдасына ақшалай қаражат өндіру туралы талап арызын толық көлемде қанағаттандырды. Нәтижесінде, сот шешімімен жауапкерден жәбірленуші азаматтардың пайдасына 5 млн 380 мың 126 теңге өндірілді.
Айта кетейік, бұған дейін ресейлік әнші Акмаль қазақстандық тыңдармандарына 6 миллион теңгеден астам қаражат қайтаруға тиіс екенін жазған едік.