Қоғам

Қылмыстық кодекстегі «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы өзгере ме

полиция
Министрлік қылмыстық кодекс бабын ішінара өзгертуге қарсы емес / Фото: shutterstock.com

Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов қылмыстық кодекстің 274-бабын (көрінеу жалған ақпарат тарату) декриминализациялауға қатысты пікір білдірді.

Сөзінше, бұл мәселе қаралып жатыр. Алайда өзгеріс болады деп айту қиын.

«Тиісті пысықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. (…) Министрлік ұстанымы журналистердің құқықтары мен бостандықтарын қорғауға негізделген. Министрлік 274-бапты декриминализациялауға қарсы емес және қарастырып жатыр. Алайда шешімді мәдениет және ақпарат министрлігі қабылдамайды», –  дейді Ысқақов.

Айта кетейік, 2026 жылдың 20 наурызында журналист Ботагөз Омарова Астана қалалық полиция департаментіне шақырылды. Журналист «көрінеу жалған ақпарат тарату» ісі бойынша күдікті деп танылды. 21 наурызға қараған түні сот отырысы өтіп, соның нәтижесінде сот журналиске қатысты екі ай мерзімге үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.

«Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы

Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; қызмет бабын пайдаланып; масс-медианы, телекоммуникация желілерін және онлайн-платформаларды пайдаланып көрінеу жалған ақпарат таратқандарға 3000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жіберіледі.

Кей жағдайда 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі не сол мерзімге бас бостандығынан айырылады.