Жаңалықтар

Қырғызстанда жасөспірімдерді саудалаған қазақ азаматы 12 жылға сотталды

насилие
фото: ашық дереккөзден

Қырғызстанда кәмелетке толмағандарды саудалауға қатысты резонансты іс аяқталды. Балалар саудасымен айналысқаны үшін кінәлі деп танылған Қазақстан және Қырғызстан азаматтары сотталды деп хабарлайды елдің ұлттық қауіпсіздік комитеті.

Ведомство мәліметінше, айыпталушылар 18-ге толмаған жасөспірімдерді заңсыз шетелге алып кетіп отырған. Бір реттік емес алдын ала жоспарланған, жүйелі түрде жұмыс істейтін арна болған.

«Тергеу барысында фигуранттардың бірі ақшалай және мүліктік сыйақы алу мақсатында шетелдік азаматпен қылмыстық сөзге келіскені белгілі болды. Айыпталушылар кәмелетке толмаған үш баланы сатып алып, одан кейін оларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасаған, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы шетелге әдепсіз сипаттағы материалдарды дайындап, таратқан», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар заңды өкілінің қамқорлығында болған тағы екі жасөспірімге қатысты осындай қылмыстар жасалған.

Бішкек қаласының Бірінші май аудандық соты айыпталушыларды кінәлі деп таныды. Америкалық басылымдар мен халықаралық агенттіктер де назар аударған бұл іс бойынша Қазақстан азаматының мүлкі тәркіленіп, 12 жылға бас бостандығынан айырылды, ал оның сыбайласы 11 жылға сотталды.

Адам саудасымен айналысқан қылмыстық топ Қазақстанда да анықталған. Былтыр жазда ІІМ жыныстық қанауға қатысты заңсыз қызмет түрлерін жарнамалаған, ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті. Олар күніне 1,5 млн теңгеге дейін табыс тауып отырған. Қазір іске қатысты тергеу жүріп жатыр.