Жаңалықтар

Соңғы төрт жылда бұралқы иттер саны 13%-ға, ал адамға шабуыл 28%-ға өскен

бұралқы иттер
фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Соңғы төрт жылда елдегі бұралқы иттердің адамға шабуылдауы 28%-ға, ал бұралқы иттер саны 13%-ға өскен. 2021 жылы қабылданған заң аясындағы иесіз жануарларды стерилизациялау, вакцинациялау, оларды табиғи мекен ету ортасына қайта жіберу деген әдіс өзінің тиімсіздігін көрсетті. Енді заң жобасы өзгеруі мүмкін. Осылай деген депутат Еділ Жаңбыршин мәжілісте жаңа түзетулерді таныстырды.

Стерилизация жасау популяцияны реттемейді

«Әлемде иесіз жануарлар санын реттеудің негізінен екі моделі бар: қайтарымды және қайтарымсыз аулау. Біз осы модельдерді пайдаланған елдердің тәжірибесін қарадық. Түркияда 20 жылға жуық уақыт бойы қайтарымды аулау моделі қолданылды. Алайда күткен нәтижеге қол жеткізілген жоқ. Керісінше, әртүрлі бағалаулар бойынша, бүгінде Түркияда шамамен 4 миллион бұралқы ит бар. Сондықтан 2024 жылы олар бұрынғы тәсілден бас тартып, қайтарымсыз аулау моделіне көшуге мәжбүр болды», – деп түсіндірді депутат.

Ол жануарларға стерилизация, вакцинация жасап, табиғи ортасына қайтару деген әдістің бірнеше кемшілігі бар екенін айтады.

Біріншіден, ол популяцияны реттемейді. Қаңғыбас иттер санын реттеу үшін кемінде 80%-ын ұстап, медициналық манипуляция жасау керек, ал бұл мүмкін емес.

«Даладағы иттерді ұстағанмен өндірістік аймақта жүргендер қараусыз, ұстаусыз қалады. 2022 жылы заң қабылдағаннан бері елде бұралқы иттердің адамға шабуыл жасауы 28%-ға, ал бұралқы иттер саны 13%-ға өскен. Яғни біздегі бұралқы иттер популяциясы да, адамға шабуыл да азайған жоқ», – дейді Еділ Жаңбыршин.

2024 жылы иттің адамға шабуылдаған 38 848 жағдай тіркелсе, оның 24 410-ы бұралқы иттердің шабуылы. Екіншіден, қаржылай мәселе бар. Депутат есептеуінше, елдегі мыңдаған иттерді стерилизациялау үшін кемінде 14 млрд теңге керек.

Депутаттар қандай өзгеріс ұсыныс отыр?

Еділ Жаңбыршин қайтарымсыз аулау моделін ұсынады. Оған сәйкес, көшеде ұсталған бұралқы иттер қайта табиғи ортаға жіберілмейді. Кемінде 5 күннен 60 күнге дейін арнайы орындарда ұсталады. Одан әрі жаңа иелеріне беріледі, панажайларға жіберіледі мүмкін. Ал жағдай келсе бұралқы иттер табиғи өліміне дейін сол орында бола береді.

Еске салайық, 2021 жылы елде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң қабылданды. Оған сәйкес, қаңғыбас жануарлар санын реттеу үшін қайтарымды аулау әдісі таңдалды. Яғни бұралқы ит-мысықты аулап, стерилизациялап, вакциналап, қайтадан сол ортаға жіберуі керек. Бірақ депутаттар ұсынған өзгерістер қабылданса, ол норма өзгеруі мүмкін.

Осыдан екі ай бұрын ғана Алматы облысының Қарасай ауданында иттер бір әйелге шабуыл жасап, талап өлтіре жаздағанын жазған едік. Кейін олардың иесі бар екені анықталып, қылмыстық іс қозғалды.