
Түркия Парламентінің комиссиясы әлеуметтік желілерге 15 жасқа дейінгі балалардың тіркелуіне тыйым салатын заң жобасын мақұлдады. Жаңа құжат балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі «революциялық қадам» деп бағаланып отыр, деп жазады TRTHaber.
Түркия Ұлы Миллет Мәжілісінде (ТҰММ) қаралып жатқан «Әлеуметтік қызметтер туралы» заңға енгізілген өзгерістер осы аптада түпкілікті қабылдануы тиіс. Жаңа ережелер тек әлеуметтік желілерді ғана емес, онлайн ойын платформаларын да қатаң бақылауға алады.
15 жасқа дейін тыйым, 18-ге дейін – арнайы режим
Заң жобасына сәйкес, бұдан былай әлеуметтік желі провайдерлері 15 жасқа толмаған балаларға қызмет көрсете алмайды. Платформалар әр пайдаланушының жасын нақты тексеру (age verification) жүйесін енгізуге міндеттеледі.
Ал 15 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер үшін «сараланған қызмет» режимі іске қосылады. Бұл – олардың психологиясына зиян келтірмейтін, қауіпсіздігі күшейтілген арнайы интерфейс болмақ.
Ата-ана бақылауы
Жаңа заң цифрлық әлемде ата-ана бақылауын міндеттейді. Енді әлеуметтік желілер мынадай функцияларды ұсынуға міндетті:
- Баланың желіде отыру уақытын шектеу;
- Сатып алу және ақылы жазылу функцияларын тек ата-ананың рұқсатымен жүзеге асыру;
- Аккаунт параметрлерін қашықтан басқару.
Тәртіп бұзғандардың трафигі шектеледі
Түркия билігі талаптарды орындамаған ірі платформаларға (күніне 10 миллионнан астам адам кіретін) қатаң санкциялар қолданбақ. Егер желі әкімшілігі заңсыз мазмұнды 1 сағат ішінде жоймаса немесе жас шектеуін сақтамаса, алдымен айыппұл салынады. Кейін жарнама беруге тыйым салынып, ең соңғы шара ретінде интернет трафигінің өткізу қабілеті 90%-ға дейін тарылтылады. Бұл іс жүзінде сайттың ашылмай қалуымен тең.
Бұл заң ресми жарияланғаннан кейін 6 айдан соң толық іске қосылады. Осы уақыт ішінде Түркияның Ақпараттық технологиялар және байланыс мекемесі жасты анықтаудың техникалық тетіктерін бекітуі тиіс.
Мамандар бұл бастама Еуропа елдеріндегі ұқсас заңдардан да қатаң екенін айтып, балаларды кибербуллинг пен зиянды контенттен қорғаудың тиімді құралы болатынына сенім білдіруде.