Қоғам

Үстінен ұжымдық шағым түсті делінген Данияр Мейрхан қызметтен шеттетілді

ІІМ комитет төрағасының қызметтен шеттетілгенін мәлімдеді/фото: gov.kz

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасы Данияр Мейрхан қызметтен шеттетілді. Бұл туралы ішкі істер министрлігі хабарлады.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Данияр Мейрханға қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тарады.

Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Данияр Мейрханға қызметтік өкілетін теріс пайдаланғаны және қызметкерге тиіскені үшін іс қозғалған. Үстінен 20 қызметкерден ұжымдық шағым түскені айтылған.

Министрліктің хабарлауынша, бірқатар қызметкердің шағымы негізінде материал тіркеліп, тексеріс жүргізіліп жатыр.

«Данияр Мейрхан тексеріс жүргізіліп жатқан кезде қызметтік міндеттерін орындаудан шеттетілді», – деп хабарлады министрлік.

Айта кетейік, Данияр Мейрхан қызмет жолын Ақтөбе облысында бастаған. Одан кейінгі жылдары қазіргі Түркістан облысында еңбек еткен.