Жаңалықтар

Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім: Қазақстан Ресейді басып озды

Жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші / фото: gemini generated

Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) 1995 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңартылған деректері посткеңестік елдердің экономикалық даму моделіндегі түбегейлі айырмашылықты анық көрсетіп отыр. Отыз жылдық кезең ішінде бір кездері бірыңғай экономикалық жүйеде болған мемлекеттердің даму траекториясы бірнеше есеге алшақтап кеткен.

ЖАН БАСЫНА ШАҚҚАНДАҒЫ ЖІӨ

1995 және 2025 жылдар арасындағы өсім шкаласы

Мемлекет
1995
Өсім динамикасы (Шкала)
2025
Өсім
Армения
$456
$8 860
19,4 есе
Әзірбайжан
$397
$7 600
19,1 есе
Грузия
$587
$9 570
16,3 есе
Молдова
$594
$8 260
13,9 есе
Қазақстан
$1 288
$14 770
11,5 есе
Қырғызстан
$364
$2 750
7,5 есе
Украина
$936
$6 260
6,7 есе
Тәжікстан
$214
$1 430
6,7 есе
Беларусь
$1 371
$7 880
5,7 есе
Өзбекстан
$586
$3 510
5,3 есе
Ресей
$2 666
$14 260
5,3 есе

Жан басына шаққандағы жалып ішкі өнім (ЖІӨ) динамикасын талдай отырып, аймақтағы мемлекеттерді үш негізгі топқа бөлуге болады:

Кавказ феномені және «төмен база» эффектісі

Салыстырмалы өсім бойынша рейтингтің көш басында Армения (19,4 есе), Әзербайжан (19,1 есе) және Грузия (16,3 есе) келеді.

Бұл елдердің жалпы ішкі өнімінің еселеп өсуі ең алдымен 1995 жылғы «төмен база эффектісімен» түсіндіріледі. Тоқсаныншы жылдардың басындағы геосаяси қақтығыстар мен экономикалық күйреу бұл елдердің ЖІӨ-сін тым төмен деңгейге (397 – 587 доллар) түсіріп жіберген болатын.

Әзербайжан үшін қозғаушы күш Каспий қайраңындағы энергетикалық ресурстарды игеру болса, Армения мен Грузия үшін құрылымдық реформа, қызмет көрсету секторларының (IT, туризм) дамуы және соңғы жылдардағы релоканттар легі мен капитал ағыны маңызды рөл атқарды.

Абсолюттік көшбасшы: Қазақстанның экономикалық серпілісі

Егер Кавказ елдері салыстырмалы өсім бойынша алда болса, абсолюттік номиналды көлем бойынша Қазақстан сөзсіз көшбасшы болып отыр.

1995 жылы Қазақстанның көрсеткіші ($1 288) Ресейден ($2 666) екі есе төмен болған. Алайда 2025 жылғы болжам бойынша Қазақстан жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемін $14 770-қа жеткізіп, Ресейді ($14 260) басып озады.

Бұл 11,5 еселік өсімге шикізаттық суперцикл (мұнайдан түскен табыс), тікелей шетелдік инвестицияларды (ТШИ/FDI) тартудағы көшбасшылық позиция және қаржы нарығын институционалдық дамыту арқасында қол жеткізілді.

«Баяулаған алыптар» және демографиялық қысым

Кестенің төменгі жағында ірі экономикалар: Ресей (5,3 есе), Өзбекстан (5,3 есе) және Беларусь (5,7 есе) орналасқан.

Ресей: 1995 жылы аймақтағы ең бай ел болғандықтан (жоғары база), оның еселік өсімі төмен. Оған қоса, соңғы онжылдықтағы санкциялық қысым, капиталдың жылыстауы және экономиканың оқшаулануы оның әлеуетті өсімін тежеп отыр.

Өзбекстан: ЖІӨ көлемі тұрақты өсіп жатқанымен, халық санының өте қарқынды өсуі (демографиялық фактор) жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткішінің артуын баяулатады. Сондай-ақ, ел экономикасы ұзақ уақыт бойы жабық болып, реформалар кейінгі жылдары ғана белсенді басталды.

Украина (6,7 есе): 1995 жылы айтарлықтай жақсы базаға ($936) ие болғанымен, тұрақты геосаяси тұрақсыздық пен қазіргі соғыс жағдайы экономикалық әлеуетті толық жүзеге асыруға кедергі келтірді.

ХВҚ мәліметтері көрсеткендей, мемлекеттің экономикалық табысы тек табиғи ресурстарға ғана байланысты емес. Тарихи тұрғыда құрылымдық реформа, ашық нарық саясаты және қолайлы инвестициялық климат ұзақмерзімді өсімнің негізгі драйверлеріне айналып отыр. Бұл ретте Қазақстанның абсолютті көрсеткіштер бойынша аймақтағы басты экономикалық держава мәртебесін бекітуі – отыз жылдық экономикалық саясаттың маңызды нәтижесі.

Бұған дейін Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасы жоғары қарқынмен өсіп жатқанымен, «қызып кету» белгісі байқалады деп мәлімдеген.