
Алматы облысы Райымбек ауданында 15 жастағы оқушы қызды екі айдың ішінде бопсалап, 8 адам зорлаған.
Бұл туралы адвокат Инга Иманбай мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, күдіктілердің алғашқы екеуі 20 жастағы жігіттер болса, қалғаны – кәмелет жасына толмағандар. Оқиға қаңтар және ақпан айларында болған.
Түнгі қоңырау
Күдіктілер түнгі сағат 2-3-тің аралықтарында қызға қоңырау шалып, қорқытып, сыртқа шығарып алып, жыныстық қатынасқа тартқан. Жәбірленуші қыз ата-анасынан айырылған. Сондықтан ағасының қамқорлығында болған.
Оқушы қыздың айтуынша, алғаш рет зорлық көрсеткен жігіт екеуінің арасында әлеуметтік желі арқылы жазысқан хаттарын «ағаңа көрсетемін» деп күш қолданып, зорлық жасаған. Көп ұзамай күдіктінің сыныптасы да дәл осындай әрекетке барады. Тек бұл жолы оның сыныптасының зорлағанын айтамын деп қорқытқан.
Мектеп басшылығы хабарламаған
Бес жүз шақты ғана тұрғыны бар шағын ауылда сөз жатпайтыны белгілі. Бұл жайт мектеп оқушыларының да құлағына шалынады. Тағы алты мектеп оқушысы (арасында көрші ауылдың балалары да бар) қорқытып-үркітіп, бопсалап, қызбен жыныстық қатынасқа түскен.
Көп ұзамай мектеп директорының да құлағына жетеді. Мектеп директоры ағасын шақырып алып, қарындасының жайы туралы сөз еткен. Бірақ, адвокат Инга Иманбайдың айтуынша, директор құқық қорғау органдарына қылмыс туралы хабарламағаны белгілі болып отыр.
«Түйе сұрасаң түйе, бие сұрасаң бие берейік»
«Қазақстан заңдары бойынша, өз еркімен жыныстық қатынасқа түсу жасы 16-дан басталады. Ал 15 жастағы қыз баланы жыныстық қатынасқа тарту – қылмыс», – дейді Инга Иманбай.
Жәбірленуші қыздың қамқоршысы, ағасы Мәлібек Тоқтардың айтуынша, шағын ауылда бір рудың адамдары тұрады. Бір-біріне туыс болып келеді. Күдіктілердің туыстары «түйе сұрасаң түйе, бие сұрасаң бие берейік» деп, жабулы қазанды жабулы қалдыруға үгіттеген.
Он жыл бұрын да болған
Бұл ауылда он жыл бұрын осындай жағдай болған екен. Ол кезде істі «ағайындар арасында» шешкен көрінеді.
Инга Аманбайдың айтуынша, қылмыстық іс 8 наурызда тіркелсе де, күдіктілердің ешқайсысы қамауға алынбаған. Іс қағаз жүзінде жүргізіп жатыр.
«Кішкентай ауылда учаскелік полиция, прокурор бәрі бір-біріне туыс. Тергеу былық болған соң, Қонаевқа аударылған. Комиссиялық псих-крим жүргізілуі керек еді. Бала бәрін айтып беруі керек еді. Психологтардың «қыздың өтірік айтуға бейім емес» деген қорытындысы жасалуы керек. Соның негізінде күдіктілер қамауда отыруы керек еді», – дейді адвокат.
Айта кететін жайт, Қырғызстанда жасөспірімдерді саудалаған қазақ азаматы 12 жылға сотталған еді.