
Алматы қаласындағы екінші жылу электр орталығын (ЖЭО) көмірден газға көшіру қашан аяқталатыны мәлім болды. Жоба 326 млрд теңге тұрады.
Экология жақсарады
Мегаполис әкімдігінің мәліметінше, бұрын тек қана көмір жаққан орталық жыл сайын шамамен 37 мың тонна зиянды зат шығарған. Жаңа газ станциясы іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш 90%-ға қысқарады. Алматы экологиясы жақсарады.
Екінші жылу электр орталығын жаңғырту жобасы 2023 жылғы мамырда жүзеге асырыла бастады. Сол кезде инвестициялық келісімге төрт компания қол қойып, консорциум құрған. Олар:
- «АлЭС» АҚ;
- Dongfang Electric International Corporation;
- Powerchina Sepco1 Electric Power Construction Co.;
- Ltd және Powerchina Hebei Electric Power Engineering Co., Ltd.
Келісім құны – 325,9 млрд теңге. Жоба даму банктерінің несиесімен, жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады.
Құрылыс барысы
Қазір қосалқы учаскелер бойынша дайындық жұмыстары толық аяқталды. Ал жаңа газ станциясының құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүріп жатыр.
«Жоспар бойынша 2026 жылы шілде айының соңына дейін құрылыстың бірінші кезеңі, ал тамыз-қыркүйек айларында екінші кезеңі аяқталады. Барлық іске қосу-баптау жұмыстары 2026 жылы 30 қыркүйекке дейін толық бітуге тиіс», – деп таратты Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жоба аяқталғаннан кейін Екінші ЖЭО-ның электр қуаты 510 МВт-тан 557 МВт-қа дейін ұлғайып, жылу қуаты сағатына 952 Гкалға дейін жетеді.
Бақылау
Бұл Қазақстанның энергетика саласын экологиялық жаңғырту бағытындағы маңызды жобалардың бірі.
Орталықты көмірден газға көшіру – қала экологиясын жақсартуға бағытталған қадам. Жобаның орындалуын мемлекеттік органдар мен экологиялық ұйымдар бақылайды.
Алматы әкімдігі қала экологиясына мыңдаған автокөліктерден шығатын қара түтін ғана емес, энергетика нысандары шығаратын зиянды заттар да кері әсер етеді деп есептейді. Осы аптада шаһар әкімі Дархан Сатыбалды бақылауды күшейтуді тапсырған.