Астана мен Ақтаудан Ереванға жаңа әуе рейстерін ашу жоспарлануда

Қазақстан Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Арменияның Территориялық басқару және инфрақұрылымдар министрі Давид Худатянмен кездесу өткізіп, ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Армения арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін сөз етті. Көлік саласындағы өзара іс-қимылдың басым бағыттарына, соның ішінде инфрақұрылымды дамытуға, озық технологияларды енгізуге, сондай-ақ жүк тасымалы көлемін арттыруға ерекше назар аударылды.
Астана – Ереван және Ақтау – Ереван бағыттары бойынша әуе қатынасын қайта бастау мәселесі бөлек қаралды. Бұл рейстердің жақын арада іске қосылуы күтілуде, бұл сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға және туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасайды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге өзара мүдделілікті растап, белсенді іс-қимылға дайын екендіктерін білдірді.