
Астанада 2026 жылы 26-ға жуық марафон өткізу жоспарлануда. Елордадағы жүгіру маусымы әдеттегідей сәуір айында басталады.
Елорданың дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, маусым Триатлон паркіндегі «Жазғы жүгіру – 2026» шарасымен ашылады. Жалпы алғанда, старттар желтоқсанның соңына дейін жалғасады және «Жаңа жылдық жүгірумен» аяқталады. Көпшілік жүгіру шараларының көбін қалалық саябақтарда өткізу туралы шешім қабылданды. Соның нәтижесінде негізгі алаңдар Триатлон паркі, Ботаникалық бақ және Орталық саябақ болады.
Жолдар тек жекелеген ірі іс-шаралар өткізілетін күндері ғана жабылады. Олардың қатарында:
- 1 мамыр — «Бірлік жүгіруі» (ЭКСПО аумағы);
- 31 мамыр — Astana Half Marathon (Сарайшық, Есіл және Нұра аудандары);
- 2-21 маусым — Триатлоннан Азия Кубогы және ҚР чемпионаты;
- 12 шілде — Astana Triathlon (Триатлон паркі);
- 9 тамыз — «Juregimnin jenimpazy» қайырымдылық фестивалі («Нұр-Әлем» алдындағы алаң).
Әкімдікте жолдарды жабу бағыттары мен күндері мемлекеттік органдармен алдын ала келісілетінін атап өтті. Мұндай учаскелерде жол полициясы мен қауіпсіздік қызметтерінің кезекшілігі ұйымдастырылады, ал тұрғындар БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы алдын ала хабардар етіледі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жүгіру жарыстарына барлығы 27 мыңға жуық адам қатысты. Орташа есеппен старттарға 1,5-2 мың қатысушы шықты, ал ең ірі оқиға – Astana Half Marathon – сегіз мыңға жуық адамды жинады. 2026 жылы қызығушылықтың артуы күтілуде: қатысушылар саны 35 мың адамға жетуі мүмкін.
Сондай-ақ, әкімдікте мұндай іс-шаралардың экономикалық тиімділігіне баса назар аударды. Жүгіру жарыстары басқа аймақтардан туристер мен қатысушыларды тартып, қонақ үйлердің, мейрамханалар мен көліктің жүктемесін арттырады. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді, сондай-ақ, Астананың спорттық және оқиғалық туризм орталығы ретіндегі имиджін нығайтады.