
Журналист, «AmanTasyganLIVE» арнасының авторы Аман Тасыған жаңа кәсіп ашты. Ол тұрмысқа арналған химиялық өнімдер шығарады. Журналист жаңа жобасының тұсаукесерін де өткізген.
Айтуынша, бұл кәсіпке кірісу үшін бір жыл дайындалған. Алғашында шетелде өндіріп, Қазақстан нарығында сатпақшы болады. Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан өндірісін зерттеп келеді. Бірақ соңында өндірісті де елден ашуды жөн көрген.
«Өндіріс шығыны, тасымалы, маркетинг және тұтынушының қолына жетуі – мұның бәрі оңай шаруа болмады. Ойласа келе, «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған дұрыс» деген шешімге келдік. Мың ойланып, жүз толғанып, AINADAY атты жаңа бренд өмірге келді. Қазіргі таңда AinaDay-да жууға арналған бес түрлі өнім бар, алдағы уақытта оны дамыта түсуді жоспарлап отырмыз», – дейді ол жаңа өнімі жайлы.
Журналистің сөзінше, химиялық сұйықтықтар құйылатын бөтелкелердің өзі Қазақстанда шығарылады. Өнімдерді онлайн-дүкендерден, ірі маркетплейстерден сатып алуға болады.
Аман Тасығанның «AmanTasyganLIVE» ютуб арнасында 566 мың оқырман бар. Ол шақырған қонақтармен болған сұхбат жиі ақпараттық ілікке айналады. Мәселен, осыған дейін Қайрат Нұртастың әкесі Нұртас Айдарбеков қонаққа келіп, жастық шағының қалай өткенін айтып берген еді.