Жаңалықтар

Биыл Алакөл инфрақұрылымын дамытуға былтырғыдан 10 есе көп ақша жұмсалады

фото: Gov.kz

Абай облысының туризм саласын дамыту аясында 2029 жылға дейін 49 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы өңір әкімі Берік Уәли аймаққа жұмыс сапарымен барған премьер-министр Олжас Бектеновке баян етті.

Премьер-министрге заманауи туристік-рекреациялық аймақ қалыптастыруға бағытталған Алакөл жағалауын дамытудың кешенді жоспары таныстырылған.

Берік Уәлидің сөзінше, 2025 жылы Алакөл жағалауының инфрақұрылымын дамытуға 1 млрд теңге бөлінген. Қаражат жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізуге, абаттандыру мен көшелерді жөндеуге бағытталған. Ал 2026 жылы аталған мақсатқа 10 млрд теңге бөлінген.

фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

«Бұл қаражат инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ цифрлық шешімдерді енгізуге, оның ішінде бейнебақылау жүйелерін және орнықты мобильді интернет-қамтуды енгізуге бағытталады», – делінген үкіметтің баспасөз қызметі жариялаған хабарламада.

Сондай-ақ Алакөлдегі туристік аймақты 300-ден 3 мың гектарға дейін, өткізу қабілетін күніне 75 мың туриске дейін ұлғайту көзделген. Одан бөлек, электр желілерін, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін, көлік және коммуналдық инфрақұрылым нысандарын салу жобаларын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Бұған дейін туристік мекенді дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған жол картасы бекітілген.