Жаңалықтар

ХҚҚО ғимаратында отырып, шетелдіктерге жалған қызмет көрсеткендер ұсталды

ХҚКО Ақтөбе жалған қызмет көрсету алаяқтық
фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Ақтөбеде Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында отырып, заңсыз делдалдық қызмет ұйымдастырған бір топ ұсталды. Бұл туралы Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы хабарлады.

Тергеу мәліметіне сәйкес, күдіктілер бірнеше кабинетті жалға алып, жалған құжат жасатқан. Сол жерде шетел азаматтарын тіркеу бойынша ақылы, делдалдық қызмет көрсеткен. Нақты айтқанда, Орталық Азия елдерінен келген шетелдіктерге заңсыз құжат рәсімдеп берген. Қазір күдіктілер ұсталып, тергеу жүріп жатыр

«Жалған құжаттарды дайындау, қолдан жасау және өткізу фактісі бойынша тіркелген қылмыстық іс аясында күдіктілердің қылмыстық әрекеттерін құжаттандыруға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда», – деп мәлімдеді ведомство.

Құзырлы органдар құжатты тек ресми, мемлекеттік органдарға барып рәсімдеу қажет екенін ескертеді. Ортада «көмектесуге» уәде берген, сол үшін ақы сұрайтын делдалдарға жүгінбеген жөн.

Алаяқтар кейде мемлекеттік бағдарламалардың атын жамылып та, қаскөйлік әрекетке баруы мүмкін. Кейбір адамдар «7-20-25» бағдарламасы атынан жалған қызметтер ұсынып жатыр. Бірақ тұрғын үй бағдарламасына қатысатын банктердің өтінімді онлайн форматта қабылдайды, ол процеске сырттан араласу мүмкін емес екенін ұмытпаңыз.