Израиль шабуылынан соң Иран Ормұз бұғазын қайтадан жауып тастады

Иран ислам революциясының сақшылары Ормұз бұғазын қайтадан жауып тастағанын мәлімдеп, Ливанға шабуылдаған Израильді атысты доғару бітімін бұзды деп айыптады.
9 сәуірге қараған түні Израиль Ливанға жойқын соққы жасады. Reuters мәліметінше, шабуылдан 254 адам қаза тауып, 1100-ден аса адам жараланды. Осындай мәліметті Ливанның азаматтық қорғаныс қызметі таратқан.
Артынша Иран билігі маңызды мұнай жолы – Ормұз бұғазын жауып тастады. CNN телеарнасының мәліметінше, қазір бұғазда кеме көрінбейді. Ақпаратты MarineTraffic кеме қозғалысын бақылау жүйесі де растайды.
Сейсенбі күні ғана АҚШ пен Иран атысты екі аптаға доғаруға келіскен. Артынша Тегеран Ормұз бұғазын ашып, танкерлер сол арқылы мұнай таси бастаған. Алайда Ақ үй Иранмен арадағы бітімге Ливан кірмейді деп отыр.
Дегенмен Ормұздың жабылуы әлемдегі мұнай бағасына кері әсер ете қойған жоқ. Brent маркалы мұнай бүгін де сәл арзандады. Қазір оның бір баррелі 96,85 доллардан саудаланып жатыр.
2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасады. Бұған қоса, Тель-Авив наурызда Ливандағы «Хезболла» күштерін жою мақсатында шабуылды үдетті. Иран Ливанды Израиль агрессиясынан қорғайтынын мәлімдеді.