
Шеф Абузар деген лақап атпен танымал өзбекстандық блогер Илхомжон Йолчиев Маңғыстау облысында жол талғамайтын көлікпен тікелей Каспий теңізінің суына кіріп, ерекше видео түсірмек болған. Видеоны автордың өзі Instagram-дағы парақшасында жариялады.
Кейін бұл кадрлар қазақстандық пабликтерде, соның ішінде Threads желісінде де пайда болды, онда қолданушылар жағалау аймағында көлікпен жүру фактісіне назар аударған.
Бейне ролик әлеуметтік желіде тез тарап, желі пайдаланушыларының ашу-ызасын тудырды. Нәтижесінде бұл оқиғаға полиция қызығушылық танытты.
«Іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы – «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу» бойынша қозғалды», – деп түсіндірді Маңғыстау облыстық полиция.
Блогерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 20 АЕК немесе 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.