
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң қабылданғалы бірде-бір адам жауапкершілікке тартылмағанын хабарлады.
Оның сөзінше, министрліктің құқықтық мониторингі ешқандай құқықбұзушылықты анықтамаған.
Кочетов үкіметтік емес ұйымдардың заңға қатысты қаупі ақталмағанын атап өтті.
«Инфоалаңға қарасақ, заң қабылданғалы ештеңе өзгермегенін байқауға болады. Біз бұл норма қандай да бір контентті жариялауда профилактикалық мәнге ие болғанын көріп отырмыз. Ал жауапкершілік тұрғысында факті тіркелмеді», – дейді ол мәжіліс кулуарында.
Былтыр жыл соңында ЛГБТ насихатына тыйым салынатын заң қабылданған. Заң 2025 жылы көп талқы тудырған жобалардың бірі болды. Депутаттар заң балаларды дәстүрлі емес жыныс өкілдерінің насихатынан қорғауды көздейтінін айтады. Қоғамның кей өкілдері заң сөз бостандығына, ақпарат алу еркіндігіне және гендерлік теңдік қағидаттарына қайшы келетінін алға тартқан.