Қазақстанның халықаралық резерві бір айда 6 млрд долларға азайған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ұлттық қордың валюта активтері азайды Фото: shutterstock.com

Наурыз айының қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы халықаралық резерві бір айда 73,4 млрд доллардан 8,44%-ға азайып, 67,2 млрд доллар болды. Бұл туралы Ұлттық банктің ресми есебінде жазылған.

Қаржы көрсеткіштерінің бұлайша өзгеруінен елдің резерві бір айда 6,2 млрд доллар жоғалтты. Қазір еркін айырбасталатын валютадағы активтер 15,4 млрд доллар деңгейінде болса, монетарлық алтын қоры 57,8 млрд доллардан 51,8 млрд долларға дейін қысқарды.

Алтынның арзандауы әсер етті

Резервтердің азаюына әлемдік нарықтағы алтын бағасының құбылуы әсер етуі ықтимал. 2026 жылдың қаңтарында алтын бағасы бір унция үшін 5600 долларға жетіп, тарихи рекорд орнатқан.

Алайда наурыз айында баға 17-20%-ға төмендеп, 4100 долларға дейін құлдырады. Қазір баға біршама тұрақталып, алтынның бір унциясы шамамен 4750 доллар маңайында саудаланып жатыр.

Ұлттық қор валютасы азайды

Сонымен қатар Ұлттық қордың валюталық активтері де азайып, 62,3 млрд долларға дейін төмендеді. Бұл былтырғы қыркүйек айындағы көрсеткіштен де аз.

2025 жылы Ұлттық қордың жылдық кірістілігі пайыздық және абсолюттік мәнде ең жоғары деңгейге жеткен болатын. Ол кезде қордың табысы 15,1%-ды немесе 8,7 млрд доллар болған.

Сондай-ақ оқыңыз