Жаңалықтар

Тұрғын үй жинақ жүйесіне қосылады: Freedom Bank 5 пайызбен ипотека бермек

Freedom Bank арзан ипотека береді/ Фото: Серікжан Қобланбаев

Freedom Bank директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұловтың айтуынша, банк жақын арада тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотека беруді бастайды.

19 наурыздан коммерциялық банктерге де тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесіне қатысуға рұқсат берілген.

«Freedom Bank осы жүйеге белсенді түрде қатысатынын ресми түрде мәлімдеймін. Бастапқы жарнасы 30 пайыздан басталып, пайыздық мөлшерлеме 5 және 10 пайыз болатын ипотека бере алатымызға сенімдімін. Бұл бағдарламаны серікстестеріміздің көмегінсіз жүзеге асыра алмайтын едік», – деді ол.

Жаңа заңнама аясында жүзеге асатын бұл бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі жылына 5-10% аралығында болмақ. 5 пайыздық ипотека аясында депозиттегі жинаққа 2%-дан бастап сыйақы төленеді, ал үй алуға жетпеген соманы аралық қарыз ретінде 7%-бен алуға болады.

Екінші бағыт – 10 пайыздық ипотека. Мұнда үй құнының 30%-ы көлемінде бастапқы жарна құю міндетті. Бұл ретте салынған депозит жинағына банк 7% мөлшерінде сыйақ төлейді.

Жұмағұловтың айтуынша, тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы ипотека алуға бір тәулік ғана кетуі мүмкін. Қазір банк арқылы ипотека рәсімдеу толық цифрландырылған.

Бұл мүмкіндікті пайдалану үшін банктен қазірден бастап депозит ашып, ақша жинау қажет.

Себебі ипотека беру кезінде клиенттің жинақтау деңгейін анықтайтын арнайы рейтинг жүйе қолданылады. Яғни, жинағы мен рейтингі жоғары азаматтар жеңілдетілген несиені бірінші кезекте ала алады.

Жалпы Қазақстандағы бірнеше банк тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысуға ниетті. Алайда сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік сыйақы төлемесе, екінші деңгейлі банктер «Отбасы банкпен» бәсекелесе алмайды.