
Жалпы республика бойынша орташа есеппен жаңа үйдің 1 шаршы метрі 612 мың теңгеге жуық (612 315 теңге), ал қайталама нарықтағы (ескі) үйлер одан сәл қымбатырақ – шамамен 624 мың теңге (624 495 теңге). Пәтер жалдау құны шаршы метріне орта есеппен 5 мың теңгені (4 991 теңге) құрап отыр.
Ең қымбат қалалар: Астана мен Алматы
Елдегі ең жоғары баға бұрынғыша осы екі мегаполисте. Бұл қалалардағы баға республикалық орташа көрсеткіштен шамамен 18-20%-ға жоғары.
Астана жаңа үйлердің бағасы бойынша көш бастап тұр (731 990 теңге). Алматыда қайталама нарықтағы үйлер мен пәтер жалдау бағасы ең қымбат қала. Мұнда ескі үйдің шаршы метрі 732 537 теңге болса, жалдау құны 5 852 теңгеге жетеді.
Жаңа үй қымбат па, әлде ескі ме?
Қазақстан бойынша жалпы алғанда, қайта сатылымдағы пәтерлер жаңа салынған үйлерге қарағанда орта есеппен 2%-ға қымбатырақ. Алайда өңірлерде жағдай әртүрлі: Оралда ескі үйлер жаңа үйлерге қарағанда шамамен 19%-ға қымбат (388 мың теңге және 326 мың теңге). Бұл өңірдегі жаңа құрылыс нарығының ерекшелігін байқатады.
Керісінше, Өскеменде жаңа үйлер қайталама нарықтан 27%-ға қымбат тұрады (530 мың теңге және 418 мың теңге).
Баспана ең қолжетімді өңірлер
Егер бағасы арзан қалаларды іздесеңіз, жаңа үйлерді ең арзан бағамен Оралдан (326 259 теңге) және Ақтөбеден (345 933 теңге) табуға болады. Бұл Қазақстандағы орташа бағадан шамамен 43-46%-ға арзан. Қайталама нарықта ең арзан пәтерлер Қызылорда (346 566 теңге) мен Тараз (350 877 теңге) қалаларында.
Пәтер жалдау қай өңірде арзан?
Жалдау ақысы ең төмен қалалар Тараз (2 588 теңге) және Түркістан (2 760 теңге). Салыстыру үшін айтсақ, бұл қалаларда пәтер жалдау Алматы мен Астанаға қарағанда 2 есе арзан. Сонымен қатар Қостанай мен Қызылорда да жалдау құны 3 200 теңге төңірегінде, яғни айтарлықтай қолжетімді.
Елдегі баспана бағасында үлкен алшақтық бар. Алматы мен Астанадағы бағалар ең арзан аймақтармен (Орал, Тараз, Қызылорда) салыстырғанда 2 есеге дейін қымбат. Сондай-ақ кейбір қалаларда жаңа салынып жатқан үйді алу тиімдірек болса, енді бірінде ескі үйлерді алу әлдеқайда арзанға түседі.