Teniz Capital: Ираннан санкция алынса, Қазақстанға пайдасы зор

Жарияланды 9 Сәуір 2026 09:00

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Ираннан санкция алынған жағдайдағы мүмкіндік / фото: gemini generated

Teniz Capital сарапшылары Қазақстанның мұнай экспортындағы қазіргі қиындықтар мен одан шығудың жаңа жолдары туралы талдап көрді. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайларға байланысты Қазақстанның мұнай-газ саласы үшін екі ықтимал сценарий қарастырылып отыр.

Бірінші сценарий – Иран бағытындағы жаңа мұнай құбыры

Қазір Қазақстан мұнайының 80%-ы, яғни жылына 55-60 млн тоннасы Ресей арқылы өтетін Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталады. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстар инфрақұрылымға қауіп төндіріп, оның жұмысында іркілістер тудырды. Баламалы жолдар бұл көлемді толық алмастыра алмайды. Сондықтан мұнайды Парсы шығанағына тікелей шығару үшін Иран бағытында жаңа құбыр салу идеясы талқыланып жатыр.

Бұл құбырды Түрікменстан арқылы құрлықпен немесе тікелей Каспий теңізінің түбімен тартуға болады. Жоба шамамен 3-5 млрд долларды қажет етеді. Алайда АҚШ-тың Иранға қарсы санкциялары оны жүзеге асырудағы ең басты кедергі саналады.

Карта: Teniz Capital

Екінші сценарий – активтердің сатылуы

Ресейлік «Лукойл» компаниясының Қазақстандағы активтерін шетелдік инвесторларға сату мүмкіндігі де үлкен тақырыптардың бірі. 2025 жылдың қазан айында компания АҚШ пен Ұлыбританияның санкциясына ілікті. Өз серіктестеріне зиянын тигізбеу үшін компания Теңіз кен орнындағы 5%, Қарашығанақтағы 13,5% және Каспийдегі «Қаламқас-теңіз – Хазар» жобасындағы 50% үлесін сатуды жоспарлап отыр.

Активтерге америкалық Chevron және ExxonMobil, сондай-ақ ұлттық «ҚазМұнайГаз» компаниясы қызығушылық танытуы мүмкін. Егер үлестерді батыс компаниялары немесе ұлттық компания сатып алса, Қазақстанның басты мұнай жобалары санкциялық тәуекелдерден арылып, отандық немесе батыс капиталының үлесі артады.

Екі бағыт та Қазақстанның жаңа жағдайларға бейімделіп, энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға деген ұмтылысын көрсетеді. Teniz Capital сарапшылары тұрақты экспортты қамтамасыз ету үшін салада осындай ірі инфрақұрылымдық және серіктестік өзгерістер болуы әбден мүмкін екен айтуда.

Еске сала кетейік, АҚШ пен Иран екі апталық бітімге келген болатын. Президент  Дональд Трамп атысты тоқтату режимі Иранның бұғазды ашуына тікелей байланысты екенін және бұл келісімді «түпкілікті аяқтау және жүзеге асыруға» мүмкіндік беретінін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз