Экономика

Трамп АҚШ әскері Иран төңірегінде қалатынын айтты

АҚШ әскері Иран төңірегінде қалатынын мәлімдеді / фото: gemini generated

АҚШ президенті Дональд Трамп сәрсенбіде елдің әскери кемелері мен ұшақтары Иран төңірегінде қала беретінін мәлімдеп, Тегеран Вашингтонмен жасалған келісімді толық орындамаса, АҚШ қайтадан атысты бастайтынын ескертті.

«АҚШ-тың барлық кемелері, ұшақтары мен әскери қызметшілері, сондай-ақ қосымша оқ-дәрі мен қару-жарақтар… қол жеткізілген НАҚТЫ КЕЛІСІМ толық орындалғанға дейін Иранда және оның төңірегінде қала береді», – деп жазды Трамп өзінің Truth Social платформасында. «Егер қандай да бір себептермен бұл орындалмаса (бұл екіталай болса да), онда бұрын-соңды ешкім көрмегендей ауқымды, жақсырақ әрі күштірек «Атыс басталады», – деп толықтырды президент.

Бұған дейін сәрсенбіде Иран тарапы Израильдің Ливанға жасаған ең жойқын соққыларынан жүздеген адам қаза тапқаннан кейін, Америка Құрама Штаттарымен тұрақты бейбіт келісімге келу үшін келіссөздерді жалғастыру «қисынсыз» болатынын мәлімдеген еді.

Ядролық мәселе бойынша екі жақтың түсінігі екі түрлі: Трамп Иран уран байытуды тоқтатуға келісті деп сенімді болса, Иран жағы, керісінше, келісім бойынша оны жалғастыра беруге құқығымыз бар деп отыр.

«Бұл туралы баяғыда келісілген және барлық жалған риторикаға қарамастан ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ БОЛМАЙДЫ және Ормұз бұғазы АШЫҚ ӘРІ ҚАУІПСІЗ БОЛАДЫ», – деп қосты Трамп сәрсенбі күні кешкі Truth Social-дағы жазбасында.

Еске сала кетейік, Иран ислам революциясының сақшылары Ормұз бұғазын қайтадан жауып тастағанын мәлімдеп, Ливанға шабуылдаған Израильді атысты доғару бітімін бұзды деп айыптаған болатын.