
Алматы қаласының білім басқармасы мектеп бітіру кешіне ақша жинаған мектеп пен аудандық білім басқармасына сөгіс жариялады. Әкімдіктің баспасөз қызметі Kursiv.Media сауалына осылай деп жауап берді.
Бастаманы ата-аналар көтерген
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласының тұрғыны мегаполистегі орта мектептердің бірі түлектер кешін ұйымдастыру үшін 200 мың теңгеден жинап жатқанына шағымданып, президентке үндеу жолдаған. Шағым авторы ақша жинау ісіне мектеп басшылығының, тіпті білім басқармасының да қатысы бар екенін айтқан.
Kursiv.Media даудың Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназияда шыққанын анықтады. Білім беру мекемесі Алмалы ауданында, Қабанбай көшесі мен Достық даңғылының қиылысында орналасқан
Алайда қалалық басқарма мектеп бітірушілер кешіне ақша жинау туралы бастаманы ата-аналардың өздері көтерген деп отыр.
«Ақша жинау туралы бастаманы ата-аталар тобы көтергені, мәселе олардың ресми емес чатында талқыланғаны анықталды», – деп хабарлады қалалық басқарма.
Мектеп пен мекеме басшылары жазаланды
Дегенмен, басқармадағылар «бастама ата-аналардан шыққанына қарамастан, мектеп әкімшілігі мен аудандық білім басқармасы білім беру мекемесінде этика талаптары мен ашықтық қағидаларына бақылауды босаңсытып жіберген» деп есептейді. Соған байланысты мектеп басшылығы мен аудандық білім басқармасы жазаланады.
«Қызметтегі міндетін дұрыс атқармағаны, ақша жинауды болдырмауға бақылау жасамағаны (соның ішінде ата-аналар комитеттері арқылы) үшін жалпы білім беру мекемесінің жетекшісі тәріптіптік жауапқа тартылды.
Аудандық білім басқармасының жетекшісі де өзіне қарасты мекемелерде тиісті жұмыс жүргізбегені үшін тәртіптік сөгіс естіді», – деп хабарлайды қалалық білім басқармасы Kursiv.Media-ға.
Биыл оқу маусымы 2026 жылғы 25 мамырда аяқталады. Соңғы қоңырау әдетте оқу жылының соңғы күндері соғылады. Содан кейін түлектер он жыл білім алған мектеппен қоштасу кешін өткізеді.