ҰБТ-2026 тіркелу: Талапкерлерге арналған маңызды ақпарат

2026 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініштерді қабылдау 11-25 сәуір аралығында жүргізіледі. Бұл кезеңде талапкерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсыру мүмкіндігі беріліп, грант конкурсына ең үздік нәтижемен қатысуға жол ашылады.
Өтініштер Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz қосымшасы арқылы қабылданады. Тестілеудің өзі 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтеді, ал талапкерлер тест тапсыру күнін, уақытын және пунктін өздері таңдай алады.
Тестілеу форматы биыл өзгеріссіз қалады. Талапкерлер 3 міндетті және 2 таңдау пәні бойынша барлығы 120 сұраққа жауап береді. Максималды көрсеткіш – 140 балл. Сынаққа барлығы 4 сағат (240 минут) уақыт беріледі, ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін қосымша 40 минут қарастырылған. Тест барысында экранда калькулятор, химиялық элементтер мен ерігіштік кестелері қолжетімді болады.
Оқу орындарына түсу үшін шекті балдар да бұрынғы деңгейде сақталды. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, ал басқа ЖОО-ларға 50 балл жинау қажет. Педагогика мен құқық бағыттарына 75 балл, денсаулық сақтау саласына 70 балл бекітілген. Әр пән бойынша да төменгі шекті талаптар бар: міндетті пәндерден кемінде 3 балл, бейіндік пәндерден кемінде 5 балл алу шарт.
Емтихан кезінде қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Тыйым салынған заттарды өткізбеу үшін металлоіздегіштер, байланысты тұншықтыру құрылғылары мен бейнебақылау қолданылады. Тест аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізілетінін ескеру қажет.
Егер ереже бұзу фактілері анықталса, ҰБТ нәтижелері, тіпті грант тағайындалғаннан кейін де жойылуы мүмкін. Сондай-ақ, талапкерлерге дайындық үшін Ұлттық тестілеу орталығының сайтында тегін сынақ тесттері мен қажетті әдебиеттер тізімі ұсынылған.