
Қазақстан жасанды интеллект саласын үш бағытта дамытуға басымдық беріп отыр. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Freedom Inside ’26 форумында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазақ үкіметі толық ЖИ-ді халықтың тұрмысына енгізуге бел шеше кіріскен. Институционалды блокты бекіту, инфрақұрылым мен адам капиталды дамыту – негізгі бағыттар.
Заң қабылданып, сарапшылар тартылып жатыр
«Институционалды дамыту тұрғысынан келер болсақ, осы салаға арнайы Жасанды инттеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, арнайы бес жылдық жоспар қабылданған. «Цифрлық кодекс» пен «Жасанды интеллект» туралы заң негізгі құқықтық шеңберді айқындап берді», – деді ол.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, мемлекеттің мақсаты – саланы шектен тыс реттеу емес, керісінше, мемлекеттік органдарға жаңа технологияларды тиімді енгізуге көмектесетін терминологиялық және этикалық негізді қалыптастыру. Осы ретте азаматтарды түрлі цифрлық манипуляция мен алаяқтық әрекеттен қорғау үшін жасанды интеллект өнімдерін міндетті түрде таңбалау секілді нақты талаптар енгізілді.
Институционалдық ортаны дамыту аясындағы маңызды қадамдардың бірі – ҚР Президенті жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі халықаралық сарапшылар кеңесінің іске қосылуы. Былтыр қазан айында «Digital Bridge» форумында алғашқы отырысын өткізген бұл кеңес білім берудегі жасанды интеллект мәселелерін талқылаған.
Аталған кеңестің құрамына әлемдік деңгейдегі таңдаулы мамандар тартылған. Олардың қатарында Google-дың зерттеу бөлімінің бұрынғы басшысы Питер Норвиг, белгілі AI-футуролог доктор Ли Кайфу, БАӘ-нің Жасанды интеллект жөніндегі министрі Омар Сұлтан Әл-Олама және «G42» халықаралық бөлімшесінің басшысы секілді беделді тұлғалар бар.
«Халықаралық сарапшыларды тартудағы басты мақсаты – олардың озық тәжірибесін Қазақстанның цифрландыру үдерісіне және жасанды интеллект саласының сапалы дамуына пайдалану», – деді министр.
Инфрақұрылым қалай дамиды
Жасанды интеллект саласын дамытуға қажетті инфрақұрылымды мемлекет жеке сектормен бірлесіп қалыптастырып жатыр. Цифрлық инфрақұрылым деген – талшықты-оптика жүйесі, жер-жерде интернеттің дұрыс ұстауы, спутник интернеті.
Министр қазір ірі инфрқұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. 2027 жылдың соңына дейін ауылдардың 90 пайызына талшықты-оптика жүйесі жеткізілмек. Каспий түбінен жүргізілген талшықты-оптика жүйесі биыл ІІІ тоқсанда іске қосылады. Бұл жүйе Қытай мен Еуропа арасындағы интернет трафиктегі Қазақстанның рөлін одан әрі арттыра түспек.
Сонымен қатар суперкомпьютерлер алынып, оларды мемлекеттік органдар, стартаптар, зерттеу институттары пайдаланып, KazLLM тілдік моделін дамытып жатыр.
Қазір мемлекеттік аппаратта 20-дан астам жасанды интеллект агенті жұмыс істеп тұр. 2026 жылдың соңына қарай олардың санын 50-ге дейін жеткізу жоспарланған.
Білімге басымдық беріледі
Сонымен қатар оқыту, білім беру мәселесіне де баса назар аударылған. Былтыр 1 миллионға жуық адам, оның ішінде мектеп оқушылары, студенттер, мемлекеттік қызметшілер мен мамандар цифрлық дағды мен жасанды интеллект негізін үйренген.
Оның ішінде 60 мыңнан астам мемлекеттік қызметші жасанды интеллект бойынша арнайы оқыту курстарынан өтті. Мәдиев әкім орынбасарларын да цифрлық технологияларды меңгеруге шақырды.