Жаңалықтар

KASE индексіндегі алғашқы ETF: 10 компания акциясының үлесін қалай сатып алуға болады

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зипреов

Қазақстан қор биржасында (KASE) BCC Invest ұсынған, KASE индексіне негізделген алғашқы exchange-traded funds (ETF) қоры сатыла бастады. Бұл құрал инвесторларға ел экономикасының «локомотиві» саналатын 10 алпауыт компанияның акциясын бір мезетте иеленуге мүмкіндік береді.

Бастапқы баға – 1 теңге

Қор нарығына енді қадам басқандар үшін бұл құралдың басты тартымдылығы – өте арзан және қарапайым.

Бір бағалы қағаздың бастапқы құны 1 теңге болып белгіленді. Бұл кез келген азаматқа қомақты ақшасыз инвестиция бастауға жол ашады.

Инвестор бір ғана транзакция арқылы индекстегі 10 компанияның («ҚазМұнайГаз», Halyk Bank, BCC, «Қазатомөнеркәсіп», Kaspi.kz, Kcell, Air Astana, «Қазақтелеком», KEGOC және «ҚазТрансОйл«) үлескері атанады:

Компания атауыТикерИндекстегі үлесі (%)Қызмет саласы
1ҚазМұнайГазKMGZ19,15%Мұнай және газ
2Halyk BankHSBK14,53%Банк секторы
3Банк ЦентрКредитCCBN14,34%Банк секторы
4КазатомпромKAP13,82%Атом өнеркәсібі
5Kaspi.kzKSPI13,72%Финтех және IT
6KcellKCEL10,48%Телекоммуникация
7Air AstanaAIRA4,96%Әуе тасымалы
8ҚазақтелекомKZTK4,17%Телекоммуникация
9KEGOCKEGC2,75%Электр энергетикасы
10ҚазТрансОйлKZTO2,08%Мұнай тасымалы
Жиынтығы100%

Қор ережесі қандай?

Қордың басты мақсаты – KASE индексінің динамикасын қайталау, яғни еліміздің бас индексі өссе, сіздің инвестицияңыз да соған сәйкес артады. Төленетін дивиденд қор активтеріне қайта құйылады.

Инвестор өз үлесін биржа жұмыс істеп тұрған кез келген уақытта сатып жіберіп немесе сатып ала алады. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау ретінде бұл құралдан түсетін табысқа салық салынбайды.

Дегенмен кез келген инвестиция сияқты, қордың табыстылығына ешкім кепілдік бермейді және нарықтың құбылуына байланысты активтер құны өзгеруі мүмкін екенін есте сақтау қажет.

BCC Invest Басқарма төрағасының орынбасары Әлібек Уразақов бұл құралдың бөлшек инвесторлар үшін маңызын былай деп түсіндіреді:

«Бұл құрал жеке инвесторларға көптеген артықшылық береді. Шартты түрде айтқанда, бір теңгеге бүкіл құралдар жиынтығын сатып ала алады. Бұл – сауда жасауға, арбитражға арналған құрал. Ол жеткілікті деңгейде өтімді болады. Мысалы, қазір 1,2 теңгеден саудаланса, баға 1,3-ке көтерілгенде біреулер сатқысы келуі мүмкін. Кейін сол жеке инвестор мүмкіндік болса 1,15 теңгеден қайта сатып ала алады», – дейді ол.

Корпоративтік сектор қызыға ма?

Жаңа ETF тек жеке тұлғаларға ғана емес, сонымен қатар ірі институционалдық инвесторлар мен шетелдіктерге де тартымды болуы мүмкін.

Ол нарыққа кіру мен шығуды жеңілдетіп, өтімділікті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мамыр айындағы дивиденд төлеу кезеңінде акциялардың өсу тренді бұл құралға деген сұранысты арттыра түспек.

Заңнамалық негізі қандай

Жаңа қаржы өнімнің пайда болуы – мемлекеттік органдар мен нарық қатысушыларының ұзақ уақыт бойғы бірлескен жұмысының жемісі. BCC Invest басқарушы директоры Руслан Зерилов бұл қадамның компания мен бүкіл капитал нарығы үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«ETF-тің іске қосылуы BCC Invest үшін компания дамуындағы және сенімгерлік басқару нарығындағы позициясын нығайтудағы жаңа кезең. Индекстік қорларды іске қосу қажеттілігі бұрыннан туындаған еді, былтыр тиісті заңнамалық өзгерістердің қабылданған. Бұл қорлардың іске қосылуы KASE-ге жаңа өтімділік ағынын әкеледі және Қазақстандағы капитал нарығының дамуына ықпал етеді деп сенеміз», – деді ол.

BCC Invest Басқарма төрағасының орынбасары Әлібек Уразақовтың айтуынша, Қазақстан қор биржасының тарихы 30 жылдан асса да, мұндай құрал нарыққа енді енгізіліп жатыр.