
Венгрияда 12 сәуір, жексенбіде өтетін сайлауда Кремль мен АҚШ президенті Дональд Трамптың қолдауына ие болып келген Виктор Орбан биліктен айырылуы мүмкін. Сауалнамалар нәтижесі осыны меңзейді. Көптеген мажарлар сайлау елдің Біртұтас Еуропадағы болашағын айқындайтын шешуші сәт деп есептейді.
Орбанның 16 жылдық «империясы»
Виктор Орбан 16 жыл бойы қатарынан төрт рет премьер-министр болып, елде «либералды христиандық демократия» моделін құрды. Осы уақыт ішінде баспасөз бостандығы, миграция және Украинаға көмек мәселелері бойынша Еуропалық Одақпен талай мәрте текетіреске түсті.
Орбанның идеялары Еуропаның оңшыл радикалдарын және Дональд Трамптың жақтастарын тәнті еткенімен, ел ішінде жағдай басқаша. Үш жылға созылған экономикалық тоқырау мен қымбатшылық халықтың ашуын туғызды. Сондай-ақ халық билікке жақын олигархтардың шектен тыс баюына наразы. Бұған қоса, Орбан үкіметінің Мәскеумен астыртын келісімге келгені туралы ақпарат сайлау алдында үлкен дау тудырды.
Басты қарсылас – Петер Мадьяр
Орбанның бұрынғы жақтасы болған Петер Мадьяр оппозицияға өтіп, халықтың наразылығын өз пайдасына шебер қолдана білді. Оның оңшыл-орталықшыл «Тиса» партиясы қазіргі таңда сауалнамалар бойынша көш бастап тұр.
Дегенмен сарапшылар асығыс болжам жасаудан сақ болу керектігін ескертеді. Шешім қабылдамаған сайлаушылар әлі де көп. Сонымен қатар көрші елдердегі этникалық мажарлар дәстүрлі түрде Орбанның «Фидес» партиясына дауыс береді. Бұл факторлар таразы басын қайтадан Орбан жағына аударып жіберуі мүмкін.
Мәскеу, Вашингтон және Брюссельдің көзқарасы
Chatham House сарапшысы Грегуар Роостың айтуынша, бұл – Еуропа үшін соңғы жылдардағы ең маңызды сайлау. Ресей үшін Венгрия – ЕО ішіндегі ең «ыңғайлы серіктес». Будапешт Ресеймен энергетикалық байланысты үзбей отыр және Украинаға қатысты ең қатаң позиция ұстанады.
АҚШ-тағы Трамп әкімшілігі үшін Венгрия «егеменді саясаттың» үлгісі іспетті. Трамптың вице-президенті Джей Ди Вэнс осы аптада Будапештке келіп, ЕО-ны сайлауға араласты деп айыптады. Ал Кремль өкілі Дмитрий Песков Еуропа мен Брюссельдің Орбанның жеңісін қаламайтынын ашық мәлімдеді.
Екі түрлі бағыт және екі түрлі болашақ
Петер Мадьяр мен оның «Тиса» партиясы жемқорлықпен күресуге және ЕО-ның бұғатталған миллиардтаған еуросын елге қайтаруға уәде береді. Мадьярдың айтуынша, бұл – Мажарстанның Ресейдің қуыршағына айналуына жол бермеудің соңғы мүмкіндігі екеніне сенімді.
Виктор Орбан болса ЕО-дан шықпай-ақ, оны іштен реформалауды көздейді. Ол сайлауды «соғыс пен бейбітшілік арасындағы таңдау» деп атады. Орбанның пайымдауынша, егер оппозиция жеңсе, Венгрия Украинадағы қақтығысқа тартылады. Бірақ Мадьяр бұл айыптауды үзілді-кесілді жоққа шығарды.
Нәтиже қандай болмақ?
Инвесторлар «Тиса» партиясының жеңісін экономикалық тұрғыдан тиімді деп санайды. Berenberg банкінің бас экономисі Хольгер Шмидингтің пікірінше, Орбан режимінің аяқталуы венгр экономикасына үлкен серпін беріп, Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге жол ашады.
Алайда сарапшылардың айтуынша, егер «Тиса» партиясы парламентте басым дауысқа ие болмаса, Орбан 16 жыл бойы орнықтырған заңдық жүйені өзгерту өте қиын болады. Бұл жағдай елде саяси белгісіздік пен заңнамалық тоқырауға алып келуі мүмкін.
Еске сала кетейік, 2026 жылдың 12 сәуірінде, яғни осы жексенбіде Мажарстанда ең маңызды саяси оқиға – Парламент сайлауы өтеді. 2010 жылдан бері елді үздіксіз басқарып келе жатқан Виктор Орбан бесінші мерзімге (жалпы есеппен алтыншы) сайлануды көздеп отыр.