
«Транстелеком» компаниясын миллиардтаған теңгеге шығынға батырды деп айыпталған күдікті Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды. Ол наурыз айында сол елде ұсталған.
Бас прокуратура мәліметінше, күдікті «Транстелеком» арқылы мемлекетті 4 миллиард теңгеден астам шығынға» батырған. Аса ірі мөлшерде ұрлық жасағаны үшін күдікті Грузиядан елге жеткізілді. Құзырлы мекеме күдіктінің аты-жөнін атамады.
«Тергеу барысында аталған тұлға компания басшысы бола отырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, қаражатты ұрлау мақсатында, мемлекеттік сатып алу нормасын қолданбай, спутниктік және телекоммуникациялық жабдықты жалға алудың заңсыз шартын жасағаны анықталды», – деп таратты прокуратура.
Бас прокуратура түсірген видеодан күдіктіні Алматы әуежайына ұшақпен жеткізгенін, оның қолы кісенделгенін көруге болады.

Ресми мәліметте қылмыс жасаған күдіктінің елден қашып кеткені, оған халықаралық іздеу жарияланғаны айтылған. Ол наурыз айында Грузияда ұсталып қалған. Күдікті қазір тергеу изоляторында отыр.
Оның мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
«Транстелеком» 1999 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясынан бөлініп шыққан жеке компания. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәли Әлиев ұзақ уақыт бойы компания акцияларының басым бөлігіне ие болып келді, бірақ 2025 жылы үлесін сатты. 2025 жылдың аяғында «Транстелекомды» миллиардер Тимур Турлов сатып алып жатқаны мәлім болды.