40 мыңнан астам тауар түрі «Қазақстанда жасалған» маркасына ие болды

Бүгінде қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне 26 257 өтінім жолданып, оның 22 мыңнан астамы қаралды. Бұл жалпы өтінімдердің 80%-дан астамын құрайды.
Соның нәтижесінде өндірістік қызметі сараптамадан өткен отандық өндірушілердің ауқымды базасы қалыптасты. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда аталған базаға 5 834 өндіруші енгізілген. Оның ішінде:
- 4321-і – толыққанды ел аумағында өндірілген тауарлардың өндірушілері;
- 1 513-і – қайта өңделген өнім шығаратын кәсіпорындар.
Жалпы айтқанда, 40 мыңнан астам тауар қазақстандық өнім ретінде танылған. Жыл басынан бері «Электрондық мемлекеттік сатып алу» порталында шамамен 24 762 сатып алу, «Самұрық-Қазына» порталында 2 646 сатып алу өткізілді.
Өтінімдердің кері қайтарылуына не себеп?
Өндірістің қызметті бағалау нәтижесінде 1 053 компанияның өтінімі кері қайтарылды. Бас тартудың негізгі себептері төмендегідей:
- цифрлық тексеру нәтижелерінің теріс болуы;
- өндірістік талаптар мен технологиялық үдерістердің расталмауы;
- ұсынылған бейнематериалдардың өндірісті нақты айқындауға мүмкіндік бермеуі немесе бірдей материалдардың бірнеше өтінімде қолданылуы;
- өнім туралы мәліметтердің, елішілік құндылық деңгейінің және өндірістік қуаттың сәйкессіздігі;
- толық емес немесе шындыққа сәйкес келмейтін құжаттар мен ақпараттың ұсынылуы;
- көшпелі тексерулер барысында анықталған бұзушылықтар, соның ішінде бірдей құжаттардың түрлі өтінімдерде пайдаланылуы.
Министрлік тізілімді одан әрі жетілдіру және ұсынылатын мәліметтердің шынайылығын арттыру жұмыстарын жалғастырып жатыр.