Жаңалықтар

Қазақстанда 40 мыңнан астам тауар шығарылады: арнайы тізім дайындалды

фото: ЖИ

Қазақстандық тауар өндірушілердің тізімі дайындалды. Арнайы реестрге кіру үшін 26 257 өтінім жолданған, оның 22 мыңнан астамы қаралған.

Соның нәтижесінде өндірістік қызметі сараптамадан өткен отандық өндірушілердің ауқымды базасы қалыптасты. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда аталған базаға 5 834 өндіруші енгізілген. Оның ішінде:

  • 4321-і – толыққанды ел аумағында өндірілген тауарлардың өндірушілері;
  • 1 513-і – қайта өңделген өнім шығаратын кәсіпорындар.

Сол өндірушілер шығаратын 40 мыңнан астам тауар қазақстандық өнім ретінде танылған. Жыл басынан бері «Электрондық мемлекеттік сатып алу» порталында шамамен 24 762 сатып алу, «Самұрық-Қазына» порталында 2 646 сатып алу өткізілді.

Өтінімдердің кері қайтарылуына не себеп?

Өндірістің қызметті бағалау нәтижесінде 1 053 компанияның өтінімі кері қайтарылды. Бас тартудың негізгі себептері төмендегідей:

  • цифрлық тексеру нәтижелерінің теріс болуы;
  • өндірістік талаптар мен технологиялық үдерістердің расталмауы;
  • ұсынылған бейнематериалдардың өндірісті нақты айқындауға мүмкіндік бермеуі немесе бірдей материалдардың бірнеше өтінімде қолданылуы;
  • өнім туралы мәліметтердің, елішілік құндылық деңгейінің және өндірістік қуаттың сәйкессіздігі;
  • толық емес немесе шындыққа сәйкес келмейтін құжаттар мен ақпараттың ұсынылуы;
  • көшпелі тексерулер барысында анықталған бұзушылықтар, соның ішінде бірдей құжаттардың түрлі өтінімдерде пайдаланылуы.

Министрлік тізілімді одан әрі жетілдіру және ұсынылатын мәліметтердің шынайылығын арттыру жұмыстарын жалғастырып жатыр.